Әскери бөлімнен қашқан жауынгерге қару ұрлаумен қатар, адам өлтірді деген де күдік тағылуда - ҚР ІІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысындағы 2177-әскери бөлімінен қашып кеткен жауынгер тек қару ұрлау бойынша ғана емес, адам өлтіру фактісі бойынша да күдікті деп табылды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне ҚР ІІМ баспасөз қызметінен хабарлады.

Әскери бөлімнен қашқан жауынгерге қару ұрлаумен қатар, адам өлтірді деген де күдік тағылуда  - ҚР ІІМ

«2177 ә/б жауынгері С.М. Дәуленбайға қатысты ІІМ «Оңтүстік» өңірлік әскери тергеу басқармасы ҚР ҚК-нің 96-шы бабы (кісі өлтіру) және 225-баптың 4-тармағы «б» тармақшасы (қару ұрлау) бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті ҚР ҚПК-тің 132-бабы бойынша Алматы қалалық ІІД уақытша оқшаулау абақтысына қамалған. Тергеу амалдары жүргізілуде», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, әскери бөлімнен қашып кеткен қатардағы жауынгер Серік Дәуленбайды ҚР ҰҚК шекара қызметі 19 қыркүйекте ұстаған болатын. Одан Макаров табельдік тапаншасы мен оқтар тәркіленген.