Әскери бөлімшені Мәлік Ғабдуллиннің атымен атау бастамасы аяқсыз қалып келеді - сенатор

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында сенатор Жабал Ерғалиев Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауалында әскери бөлімшені Мәлік Ғабдуллиннің атымен атауды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Кеңес Одағының Батыры атанған, Кеңес Одағы мен Ресейдің Ғылым академияларының академигі, Қазақстанның ғылымына еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, әдебиет зерттеуші, педагог, филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, халқының жүрегінде үлкен із қалдырған Мәлік Ғабдуллиннің есімі мен ерлігі, адамгершілік қасиеттері өз тұсында да аңызға айналған болатын. Көрнекті қоғам қайраткерінің және атақты ғалымның ерлігін, отансүйгіштігін, қарапайымдылығын ендігі арада Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегіндегі қағидаттарға сай насихаттаудың жаңа мүмкіндігі туып отыр. Осы орайда  ол Астанада Мәлік Ғабдуллиннің ескерткішін қою мәселесі қарастырылса етті», - деп тоқталды депутат.

Сонымен қатар сенатор Көкшетау қаласындағы батырдың республикалық мұражайы талапқа сай жауап беретін осы заманғы қор сақтау қоймасына да зәру болып отырғандығын жеткізді.

«Кезінде депутаттық сауалымызға орай Тәуелсіз еліміздің әскери бір бөлімшесін Кеңес Одағының Батыры  Мәлік Ғабдуллиннің есімімен атау қажет деген ұсынысымызға орай, 2014 жылғы 14 қаңтардағы Үкіметтің Сарыөзек қалашығындағы әскери бір бөлімшені М. Ғабдуллиннің атымен атаймыз деген жауабы да аяқсыз қалып келеді. Кеңес Одағының Батырының есімі мен ерлігін Мәңгілік Елдің мәңгілік ұрпақтарының санасына қалдыруға қажетті игі істер әлі де өз жалғасын табар деген сенімдеміз»,-деп атап өтті  Ж. Ерғалиев.

Соңғы жаңалықтар