Әскери дәрігерлер өлім ауызындағы қыз баланы құтқарып қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында 63302 әскери бөлімі жекелеген медициналық жасағының дәрігерлері клиникалық өлім аузында оларға келіп түскен қыз баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
5 жастағы Алина су толтырылған цистернаға құлап, тұншығып қалған. Оны тауып алғандар, жақын маңда орналасқан емдеу мекемесіне, Отардағы 63302 ә/б жекелеген медициналық жасағына жеткізген.
«Қыз бала клиникалық өлім аузында жеткізілген. Оның тері қабаты сұп-сұр, суық болды. Дем алуы мен жүрек қағысы болған жоқ. Көзінің қарашығы барынша кеңейіп кеткен. Біз жақын маңда орналасқан бірден-бір медициналық мекемеміз. Оны бірден анестезия және жан сақтау бөлімшесіне алып кетті», - дейді медициналық бөлім бастығы, реаниматолог-анестезиолог дәрігері м/қ подполковнигі Абай Рысқұлов.
Әскери дәрігерлер бригадасы, анестезия және реанимация бөлімшесінің бастығы м/қ аға лейтенанты Саят Бекібаев, медициналық бөлім бастығы, реаниматолог-анестезиолог дәрігері м/қ подполковнигі Абай Рысқұлов, мейірбике, ҚК қызметкері Райхан Дәденбаева жан сақтау шараларына кіріскен.
Қыз баланың тамағына түтікше қойылды, дем алу аппаратына қосылады, 100 пайыз оттегі жібере отырып, жасанды ауа алмастыру жүргізілген. Әрі қарай жүректі жанама түрде уқалау жасалып, жүрегіне 4 мәрте адреналин және атропин егілген. 20-шы минутта жүректің лүпілі қалпына келді.
«Қыздың өкпесінен шамамен 150 мл сұйықтық пен асқазанынан 1 литрдей су сорғызып алдық. Кешке қарай бүлдіршінде тіршілік нышандары пайда болды. Қарашығы жарыққа реакциясы берді, таңға жақын қолдары мен аяқтары қимылдады», - деді Абай Рысқұлов. Одан кейін балаға балалар реанимацялық бригадасы келді. Ал содан соң әуе көлігімен оны Таразға жөнелткен.
Қазіргі уақытта баланың жағдайы қалыпты. Бала есін жиды, туыстарын тани бастады. Өздігінен тамақтанады, су іше алады. Қазіргі кезде оңалу кезеңі жүруде. Сол мезетте қызды құтқарып қалған медициналық бөлім бастығы м/к подполковнигі Абай Рысқұлов өзін батырмын деп еш есептемейді. «Бұл менің жұмысым. Біз бала, ересек, әскери қызметші немесе азаматтық адам деп бөліп-жармаймыз. Біз үшін бірінші кезекте олардың барлығы емделушілер. Бізге жол-көлік апатынан зардап шеккендерді жиі әкеледі. Өйткені, жанымызда Алматы-Қордай тас жолы орналасқан. Оның үстіне барлық жақын орналасқан ауылдардың тұрғындары көмекке жүгінеді».
ҚР Қарулы Күштерінде әскери медицина саласы сапалы жаңа деңгейге көтеріліп келе жатыр. Бұның дәлелі ретінде сала үшін жоғары білікті кадрлардың дайындығы, әскери-медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасының жетілдірілуі және әскери қызметшілерді жоғары сападағы емдеуді айтуға болады.