Әскери госпитальде үш маңызды урологиялық ота жасалды

Әскери госпиталь
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Операциялар ҚР Қорғаныс министрлігінің Бас әскери клиникалық госпиталінде жасалып, YouTube платформасында онлайн режимде көрсетілді. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. 

Отаның барысын Қазақстанның әр өңірінен, таяу шет елдерден келген дәрігерлер, сондай-ақ «Астана» медицина университетінің студенттері бақылап отырды. Онлайн-конференцияға қатысушылар операциялар процесімен егжей-тегжейлі танысуға, сұрақтар қоюға және оған тікелей эфир арқылы жауап алуға мүмкіндігі болды.

Ота
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Лазерлік жабдықты қолдана отырып, жоғары мамандандырылған урологиялық операцияны медицина ғылымдарының кандидаты, С. П. Боткин атындағы Мәскеу қалалық клиникалық ауруханасының жоғары санатты уролог дәрігері Роман Андреев жасады. Ота жасау үшін ресейлік хирург өзімен бірге Қазақстанда баламасы жоқ итальяндық лазерлік аппарат кешенін алып келді. Дәрігердің тәжірибесіндегі ең жасы үлкен пациент 103 жастағы қария екенін атап өтті. Ал бүгінгі пациент небәрі 70-те.

— Науқасқа қуық асты безінің қатерсіз аденомасына операция жасалды. Ұйымдастырушылар тәжірибе алмасу үшін барлық жағдай жасауға тырысты. Біз кең спектрде қолданылатын итальяндық лазерлік жабдықтың жұмысын көрсеттік. Бұны нейрохирургияда, хирургияда және гинекологияда қолдануға болады, — деп түсіндірді Роман Андреев.

Лапароскопиялық пластика бойынша екінші операцияны жоғары санатты уролог-дәрігер, Ұлттық ғылыми медициналық орталығы урология бөлімінің аға ординаторы Рустам Омарбаев жасады.

Ота
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Үшіншісін ретроградтық интраренальды хирургия бойынша әскери госпиталь урология бөлімінің бастығы медицина қызметінің подполковнигі Дастан Кенжерахманов басқарды.

«Бұл тұрғыда оның біраз тәжірибесі бар. Өткен жылдың жазында Қазақстанда алғаш рет әскери хирург уролитиазбен ауыратын науқастың екі бүйрегінен бірден тастарды алып тастау үшін күрделі операция жасады. Сол кезде бүкіл медициналық процедура да онлайн режимінде көрсетілген», — делінген хабарламада.

Бас әскери клиникалық госпиталь бастығы медициналық қызмет полковнигі Ғабиден Айдаров атап өткендей, форумның негізгі мақсаты — урология және андрология саласындағы жаңа технологиялармен Қазақстанның әртүрлі өңірлері мен таяу шет елдердің жас және тәжірибелі дәрігерлерімен тәжірибе алмасу.

— Конференция өткізу — урологияны дамытудағы маңызды қадам. Ол ғылым мен практика арасындағы байланысты қолдауға бағытталған, бұл, сөзсіз, ғылыми медициналық зерттеулер процесін жақсартуға үлес қосады және мамандарды одан әрі жемісті жұмыс істеуге ынталандырады, — деді Г. Айдаров.

Өз пікірімен «Астана медицина университеті» КЕАҚ урология және андрология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ұланбек Жаңбырбекұлы да бөлісті. Биыл 60 жылдығын атап өтетін университет әскери госпитальмен тығыз байланыста жұмыс істейтінін атап өтті.

— Бүгінгі мастер-класс урологиядағы жаңа технологияларға негізделген. Бізге жоғары қуатты лазер әкелінді, оның көмегімен қуық асты безінің аденомасы қан шығарусыз жойылады. Бұл аппараттың артықшылығы сол, пациенттер қысқа мерзімде қалпына келіп, 2–3 тәулікке стационардан шығарылады, — деп нақтылады Ұ. Жаңбырбекұлы.

Аталмыш шара «Урологиядағы заманауи лазерлік технологиялар» тақырыбы бойынша мамандардың пікір алмасуымен аяқталды.

Соңғы жаңалықтар