Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Әскери институттарда конкурстық іріктеу жүріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының және Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының қабылдау комиссиялары үміткерлерді конкурстық іріктеуді ұйымдастыруды және өткізуді іске асырады.

Әскери институттарда конкурстық іріктеу жүріп жатыр
Фото: Қорғаныс министрлігі

Барлық жоғары әскери оқу орындарында кәсіби-психологиялық іріктеу өткізілді. Үміткерлер медициналық куәландырудан өтіп, дене шынықтыру деңгейі тексеріледі. Жекелеген мамандықтар бойынша үміткерлер түсу емтихандарын тапсырады.

Бүгінгі таңда Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына 400 үміткер құжат тапсырды. Конкурстық іріктеу 6 мамандық және 12 біліктілік бойынша жүргізіледі. «Ақпаратты қорғауды ұйымдастыру және технологиясы» және «радиоэлектрондық барлау мен радиоэлектрондық күресті ұйымдастыру» мамандықтары үлкен қызығушылық тудырып отыр.

Сонымен қатар, ЖОО-да «Әскери журналистика» және «Әскери дирижерлеу» бағыттары бойынша іріктеу жүргізілуде. Әскери журналистерді даярлау әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен, ал әскери дирижерлерді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясымен бірлесіп қос дипломдық білім беру форматында жүзеге асырылатын болады.

Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты 8 мамандық және 16 біліктілік бойынша қабылдауды жүзеге асырады. Қабылдау комиссиясына барлығы 525 өтініш келіп түсті. Олардың басым бөлігі «әскери ұшқыш» және «әскери медицина» мамандықтарына тапсырған. Бұдан бөлек алғаш рет «авиацияны тылдық қамтамасыз ету» және «әуеайлақтық-техникалық қамтамасыз ету» мамандықтары бойынша қабылдау ашылды.

Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетімен бірлесіп әскери білім орындары қос дипломды білім беру форматында әскери-медициналық бағыт бойынша мамандар даярлауды жүзеге асырады. Сол қағида бойынша болашақ Әскери-теңіз күштерінің офицерлері де дайындалады. Алғашқы екі жылда «корабль штурманы» және «дизельді энергетикалық қондырғылар инженері» мамандығын алған курсанттар Әуе қорғанысы күштері әскери институтының базасында оқудан өтеді, үшінші және төртінші курстарда Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде (Ақтау қ.) оқуын жалғастырады.

Үміткерлер арасында ҰБТ-дан жоғары – 100-ден астам балл жинаған талапкерлер де бар. Оқуға түсушілер арасында 20-дан астам мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер бар екенін атап өткен жөн. Мәселен, Миржан Сұлтанов «Сарбаз 2.0» бағдарламасы бойынша білім грантын алып, «әскери ұшқыш» мамандығына түсуді жоспарлап отыр.

Құрлық әскерлерінің білім ордасында биылғы жылы қабылдау 17 әскери мамандық бойынша жүзеге асырылады. Талапкерлер арасында мотоатқыштар, танк және артиллерия бөлімшелерін басқару мамандықтарына қызығушылық жоғары болып тұр. Инженерлік және техникалық бейіндегі мамандықтарға түсуде де жоғары конкурс болатыны анық.

Әскери жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жұмысын штаттық режимде жалғастыруда. Конкурстық іріктеудің барлық кезеңдерінен сәтті өткен кандидаттар мандаттық комиссиялардың шешімі бойынша курсанттар қатарына қабылданатын болады. Жастардың әскери білімге деген қызығушылығының артуы әскери қызметтің беделінің өсіп келе жатқанын дәлелдейді және ҚР Қарулы күштерінің кадрлық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.

Айта кетелік қазақстандық әскери қызметшілерге шетелде оқу кезінде әуе билеттерінің ақысы мемлекет есебінен төленетіні туралы жазған едік