Әскери киімдерді еркін саудада сатуға шектеулер енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әскери киімдерді еркін саудада сатуға шектеулер енгізіледі. Бұл туралы бүгін Парламент Сенаты Экономикалық саясат, өңірлік даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысы барысында «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне сауда қызметін реттеу мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасын талқылау барысында мәлім болды.

Әскери киімдерді еркін саудада сатуға шектеулер енгізіледі

Құжаттың мақсаты сауда қызметін мемлекеттік реттеудің әдістері мен нысандарын жүйелендіру, электрондық сауда саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін, биржалық қызмет саласын одан әрі жетілдіру болып отыр. Сонымен қатар, заң жобасында еліміздің сыртқы сауданы реттеу саласындағы заңнамасын халықаралық шарттарға, соның ішінде Кеден одағы мен ДСҰ нормаларына сәйкестендіру көзделеді.

Бұдан бөлек, заң жобасында электрондық сауданы жүзеге асыру барысында сатушының, оның ішінде сатушының өзі туралы ақпарат беру міндеті қарастырылып отыр. Сонымен қатар, электрондық сауда барысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау нормасы қамтылады.

Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықовтың айтуынша, заң жобасында ішкі сауда қызметі бағытында азық-түлік тауарларының табиғи шығындарын бекіту бойынша Үкіметтің құзыреттілігі айқындалады.

Сонымен қатар, заң жобасының аясында арнайы киімдерді пайдалану арқылы құқық бұзушылықтар, қылмыстар жасауды тежеу шаралары қамтылып отыр. Атап айтқанда, әскери және арнайы киімдер, нысанды киімдерге жататын тауарларды еркін саудада сатуға шектеулер белгіленеді. Бұдан басқа, заң жобасымен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға бағытталған нормалар да қамтылып отыр.

Талқылаудан соң, комитет мүшелері заң жобасын алдағы уақытта өтетін палатаның жалпы отырысына шығару туралы шешім қабылдады.