Әскери қызметшілер соғыс ардагерін 101 жасқа келуімен құттықтады
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының курсанттары мен Алматы қаласы Алмалы ауданы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының өкілдері соғыс ардагері Зұлхарнай Сейітовті 101 жасқа толған туған күнімен құттықтады, деп хабарлайды Kazinform.
Сталинград шайқасында қан төккен қарт майдангер Белорусь пен Польшаны жаудан азат еткен. Берлинге жетіп, Потсдам көшелерін минадан тазартуға қатысқан.
Қонақтарға ризашылығын білдірген туған күн иесі жастарға ақ батасын берді.
– Бізді ұмытпағандарыңа рахмет. Егде жастағы адамдар үшін мұндай кездесулер – мереке. Еліміздің гүлденуін, қазақстандықтардың бейбітшілік пен келісімде өмір сүруін армандаймын. Ал болашақ офицерлерге генерал болып, Отанымыздың игілігі үшін қызмет етуді тілеймін, - деді Зұлхарнай Сейітов.
Ардагер 1922 жылы 27 желтоқсанда Омбы облысы, Жаңа Қыпшақ ауылында дүниеге келген. 1942 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, Свердловск облысындағы Туринск қаласына әскери іс бойынша оқуға жіберіледі. Сол жылы ол Ленинград майданына аттанып, онда 2-ші екпінді армия құрамында басқыншылармен шайқасты.
Кейіннен сапер курстары бойынша арнайы дайындықтан өтеді. Диверсанттар мен тәртіп сақшыларының маңызды жауынгерлік жұмысын атқарған қызметтік иттермен ол Сталинградтан Белорусь пен Польша арқылы өтіп, Берлинге жасалған шабуылға қатысады.
Майдангердің жауынгерлік еңбегі «Қызыл Жұлдыз», II дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Сталинградты қорғағаны үшін», «Ерлігі үшін», «1941-1945 жылдардағы Екіншідүниежүзілік соғыстағы ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.
Соғыстан кейін Зұлхарнай Сейітов Омбы ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, Қазақстанға жіберіледі. Мұнда ол биология ғылымдарының докторы және академик болды. Әріптестерімен бірге «Қазақ бальзамы» және «Алтынсу» емдік сусындарын әзірлеуге қатысты. Қымыз, шұбат, бие және түйе сүтін құрғақ дайындау технологияларын жасады.
Еңбек сіңірген ғылым қайраткері Зұлхарнай Сейітов – 150-ден астам ғылыми жұмыстар мен монографиялардың, 14 патент пен 8 авторлық куәліктің, 10 оқу құралының, оның ішінде қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі «Биохимия» оқулығының авторы. Оның әзірлемелері мен жаңалықтары бүгінде медицинада да, тамақ өнеркәсібінде де кеңінен қолданылады.