Әскери қызметшілер үйлерін цифрлы түрде жекешелендіре алады - министрлік
АСТАНА. KAZINFORM – 19 қыркүйекте әскери қызметшілерге арналған тұрғын үйді цифрлы жекешелендіру жобасы басталды. Қазір өтініш беруден бастап жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеуге дейінгі процесс 2 жылға дейін уақыт алуы мүмкін. Ал электронды қызмет енгізілген соң процесс 2 айға дейін қысқарады.
Қаржы министрлігі баспасөз қызметінің мәліметі бойынша жекешелендірудің барлық процесі цифрлы форматта жүреді. Соған сәйкес қарулы күштер өкілдеріне құжат жинап, түрлі ведомстволардың табалдырығын аттаудың қажеті болмайды. Өтініш берушінің мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы мемлекеттік деректер базасын интеграциялау арқылы цифрлы платформада жүзеге асырылады. Қазір бұл қызметті ХҚКО-да тұрғын үйді жекешелендіру туралы келісімшарттарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жүйемен интеграциялау аяқталуға жақын.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының деректер базасымен интеграция процесін аяқтап жатырмыз. Осы арқылы электронды келісімшарттар мемлекеттік деректер базасында автоматты түрде тіркеледі немесе ХҚКО-да қол қойылған және мөрлері бар қағаз нұсқалармен қатар қабылданады. Бұл – бюрократияны азайту және цифрландыруды ілгерілету бағытындағы маңызды қадам», - деді Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов.
Қорғаныс министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде жекешелендіру кезегінде 3,5 мың адам тұр. Олар - ҚР ҚК-де әскери қызметте және еңбек қатынастарында тұрған азаматтар. Жекешелендіру құқығын қызметтік үйді 10 жылдан артық жалға алып тұрғандар ғана пайдалана алады. Бұл ретте өтініш беруші жылжымайтын мүліктің қалдық құнын төлеуге тиіс екенін атап өткен жөн. Ал қызметтік баспанада 20 жылдан көп (жалға алғандар) тұрғандар өтеусіз негізде жекешелендіруге құқылы, яғни олар мемлекеттен пәтерді тегін алу мүмкіндігіне ие.
Алдағы уақытта әскерилерден бөлек мұндай қызмет азаматтардың басқа санаттары үшін де ашылмақ.
Айта кетсек, 9 қыркүйекте e-Qazyna.kz платформасында әзірлеушілер жекешелендіру құралы ретінде пайдалануға ұсынылған ASKERGE SHANYRAQ жаңа цифрлы сервисін таныстырды (Askerge-shanyraq.e-Qazyna.kz). Бұл сервисті ҚР ҚМ «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ әзірлеп шығарған.
Еске салсақ, сенатор Андрей Лукин Премьер-Министрдің атына тиісті депутаттық сауал жолдап, әскери қызметшілерге арналған жеңілдіктерді қайтаруды ұсынған болатын.