Әскери колледж 30 жылда 4 мыңға жуық сержант даярлады

АСТАНА. KAZINFORM — Щучинск қаласында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжінің құрылғанына 30 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлім етті.

Әскери колледж 30 жылда 4 мыңға жуық сержант даярлады
Фото: Қорғаныс министрлігі

Жиынға Қорғаныс министрінің орынбасары Әскер Бейсенов, Ақмола облысы Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов, Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы полковник Мұрат Олжабаев, Қарулы күштердің бас сержанты шебер-сержант Темірбек Халықов, ардагерлер, колледж түлектері мен жеке құрамы қатысты.

Әскери колледж 30 жылда 4 мыңға жуық сержант даярлады
Фото: Қорғаныс министрлігі

Салтанатты шара Шоқан Уәлихановтың бюстіне Құрмет қарауылының сүйемелдеуімен гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Колледждің оқу-жаттығу алаңында бірінші курс кадеттері Әскери ант қабылдап, кедергілер жолағында дене дайындығы мен әскери машығын көрсетті.

Құрметті қонақтар колледжде қызмет еткен жылдарынан естеліктерімен бөлісті. Қарулы күштердің ардагері генерал-майор Жомарт Қуанғалиев оқу орнының құрылуы мен қалыптасуының бастауында тұрып, оның алғашқы бастығы болды. Қорғаныс министрінің орынбасары Әскер Бейсенов әскери оқу орнын аяқтағаннан кейін лейтенант шенінде офицерлік қызмет жолын осы жерде бастады. Ал Қарулы күштердің бас сержанты шебер-сержант Темірбек Халықов колледжде кадет болды.

Әскери колледж 30 жылда 4 мыңға жуық сержант даярлады
Фото: Қорғаныс министрлігі

— Отыз жыл — колледж тарихындағы маңызды кезең. Осы жылдар ішінде оқу орны әскери білім беру жүйесінің маңызды буынына айналып, мыңдаған білікті сержант мамандарын даярлады. Бүгінде колледж түлектері әскери бөлімдерде абыроймен қызмет етіп, жауапты лауазымдарда еңбек етіп, Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін арттыруға үлес қосып келеді, — деді Қорғаныс министрінің орынбасары Әскер Бейсенов.

Әскери колледж 30 жылда 4 мыңға жуық сержант даярлады
Фото: Қорғаныс министрлігі

Іс-шара барысында Шоқан Уәлихановтың мұрасы мен ғылыми-зерттеу қызметіне арналған фотокөрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ әскери техника, қару-жарақ, байланыс және радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау құралдары көрсетілді. Қонақтар казарма, медициналық пункт, спорт залы, кітапхана, FPV-дрондар сыныбы орналасқан зертханалық корпус пен колледж мұражайын аралады.

Әскери колледж 30 жылда 4 мыңға жуық сержант даярлады
Фото: Қорғаныс министрлігі

Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледж Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1996 жылы құрылған. Алғашқы 63 кәсіби сержанттың оқу бітіру рәсімі 1999 жылғы 29 шілдеде өтті. Сол жылы колледжге Жауынгерлік Ту табысталып, 2000 жылы оқу орнына Шоқан Уәлихановтың есімі берілді.

1996-2025 жылдар аралығында колледжде 4 мыңға жуық кәсіби сержант даярланды. Бүгінде мұнда әскери-кәсіби және дене даярлығымен қатар курсанттардың көшбасшылық, жауапкершілік және ұйымдастырушылық қабілеттерін дамытуға басымдық беріледі. Сондай-ақ әскери бөлімдерден келген сержанттардың біліктілігін арттыруға бағытталған курстық даярлық жүргізіледі.

Ал әскерден кейін білім грантын алғандар қандай мамандықтарды таңдағанын мына сілтемден оқыңыз.