Әскери қылмыстарға қатысты ғылыми кітап шықты
АСТАНА. Желтоқсанның 23-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -«Әлем-Астана» баспасынан «ҚР қылмыстық заңнамасы бойынша әскери қылмыстар: әр бапқа қатысты материалдар бойынша түсініктеме» атты құнды, ғылыми негіздегі кітап жарық көрді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оқулық Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы С.Есқараев атындағы прокуратура органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, заңдылық және құқық тәртібі проблемаларын зерттеу институтының қолдауымен қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген.
Бұл еңбек әскери қылмыс саласы мамандары мен қылмыстық құқықты зерттейтін, болмаса оған қызығушылық танытатын оқырмандарға арналған. Онда еліміздегі әскери азаматтардың қызметтегі жауапкершіліктері туралы заңдармен қатар Елбасының Жарлықтары, Бас прокуратураның нұсқаулары мен Жоғарғы соттың осы салаға қатысты нормативтік қаулыларына дейін толық көрініс тапқан. Ал, ғалымдар мен қорғаныс саласының мамандары бір жүйеге келтіріліп, жинақталған барлық нормативтік-құқықтық актілердің жинағын көмекші құрал ретінде пайдалана алады.
Кітаптың қазақша нұсқасының авторы заң ғылымдарының кандидаты Қанат Баетов, орыс тіліндегісін заң ғылымдарының докторы, профессор Сарқытбек Молдабаев шығарды. «Кітаптың екі тілде жеке шықпай, бір мұқаба ішінде жарық көруі оны қажет ететін мекемелер мен мамандарға қолайлылық тудырады», дейді авторлар.