Әскери қызметкерлер майдангер жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовты Жеңіс күнімен құттықтады

«Соғыс ардагерлері азайып барады. Бүгін де олардың ең жасы тоқсанда. Бізге бейбіт өмір сыйлаған батырлардың ерлігі кейінгі ұрпақтың жадында мәңгі сақталады», - деп атап өтті департаменттің баспасөз қызметі.
Әбдіжәміл Нұрпейісов Арал теңізінің жағасындағы шағын балықшылар ауылында дүниеге келген. Осы жерден әскерге шақырылып, майдан даласына аттанды. Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курляндия плацдармындағы шайқастарға қатысқан.
Кейінірек ол өзінің еңбектерінде Балтық аумағын фашистерден азат еткен жауынгерлер мен офицерлердің ерлігі туралы жазды.
Жазушының ерен еңбегі елдің, мемлекеттің жоғары бағасына ие болды. «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», Қазақстан мемлекетінің «Отан» орденімен марапатталған.
Майдангер – жазушыға деген құрмет қашанда ерекше. Алматы гарнизонының әскери қызметкерлері жазушының үйіне жиі қонаққа келіп тұрады. Жеңістің 75 жылдық мерекесіне орай ардагерге қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаевтың атынан алғыс хат пен қол сағат тапсырылды.
Алматы қаласы ҚР ҚК ардагерлер кеңесінің өкілі полковник Мэлс Шампиев, Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Раджан Жанысов, Алматы қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Амантай Өсербаев мегополисте тұратын басқада соғыс ардагерлердің үйлеріне барып құрмет көрсетті. Атап айтар болсақ, Леонид Гирш , Юрий Померанцев, Олжабай Темирханов.
Естеріңізге сала кетейік, бүгінде Алматыда 200-ге жуық соғыс ардагері тұрады.