Әскери қызметкерлерді әлеуметтік қамтамасыз етуде елеулі оң өзгерістер жасалады - Б.Шаханов
ТАНА. Маусымның 11-і. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - Әскери қызметкерлерді әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесі мемлекетіміздің Қарулы Күштерін сапалы кадрлармен толықтыруға ықпал ететін өзекті факторлардың бірі. Әскерилерді кепілді әлеуметтік қамтамасыз ету әскери қызметтің абырой-беделін қалыптастырады.
Бұл түптеп келгенде еліміздің Қарулы Күштерін кәсіби, жауынгерлік дайындығы жақсы, біліктілігі жоғары, жинақы және сауатты кадрлармен толықтыру мәселелерін шешуге септігін тигізеді. Осы күндері ҚР Қорғаныс министрлігі «Әскери қызметкерлердің мәртебесі, оларды және отбасыларын әлеуметтік қамтамасыз ету туралы» жаңа заң жобасын әзірлеуде. Қазіргі уақытта оның тұжырымдамасы бекітіліп қойды. Бір сөзбен айтқанда, қолданыстағыдан мүлдем бөлек жаңа заң жобасын дайындау көзделіп отыр. Жобадағы өзгерістер жөнінде айтып беру үшін ҚР Қорғаныс министрлігінің «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ-ның вице-президенті Бейбіт Шахановты әңгімеге тартқан едік.
- Бейбіт Маратханұлы, айтыңызшы жаңа заңды қабылдауға қандай дүниелер түрткі болып отыр?
- Әскери қызметкерлерді әлеуметтік қамтамасыз ету қорғаныс ведомствосының болсын, қазақстандық қоғамның болсын алдында тұрған өткір мәселелердің бірі. Әскери қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелеріне жағдай жасаумен байланысты әлеуметтік пакет - әскери өмірдің маңызды құрамдауышы болып табылады. Ал «Әскери қызметкерлердің мәртебесі, оларды және отбасыларын әлеуметтік қамтамасыз ету туралы» жаңа заң жобасы бірқатар себептерге, атап айтқанда Қазақстандағы заңнаманың, оның ішінде қорғаныс саласындағы заңнаманың дамығанымен байланысты болып отыр. Мәселеге заңдық көзқарас тұрғысынан қарайтын болсақ, әскери қызметшілердің мәртебесін реттеу саласындағы жаңа заңды әзірлеуге төмендегідей жағдайлар түрткі болды. «Әскери қызметкерлердің мәртебесі, оларды және отбасыларын әлеуметтік қамтамасыз ету туралы» қолданыстағы заң 1993 жылы қабылданған. Сол уақыттан, яғни 1995 жылы жаңа Конституция қабылданғаннан бері еліміздің заңнамасында көптеген өзгерістер болды. Осыған байланысты, қорғаныс туралы, әскери қызмет туралы, әскери ереже туралы барлық негізгі заңнамалық актілер 2003-2005 жылдары жаңа редакцияда қабылданды. Алайда, Әскери қызметшілердің мәртебесі туралы заң әлі күнге дейін ескі редакцияда жұмыс істеуде. Қолданыстағы заңда бірқатар декларациялық нормалар бар, кейбір мәселелер бойынша оларды жүзеге асырудың нақты тетіктері мүлдем жоқ. Бұнымен ұсынылып отырған өзгерістер жөнінде қоғамдық пікірді білу аясында Әскери-стратегиялық орталық ұйымдастырған дөңгелек үстелге қатысушылар да келісіп отыр. Заң жобасының тұжырымдамасында әскери қызметкерлерді әлеуметтік қамтамасыз ету бірнеше түрге бөлінеді. Біріншісі - материалдық, яғни ақшалай; заттай; азық-түлікпен; баспанамен қамтамасыз ету; екіншісі - материалдық емес, яғни медициналық көмек көрсету, оның ішінде шипажай-курорттық демалыс; оқу ақысы, жол ақысы және үшіншісі - моралдық-психологиялық, яғни жеке құрамның моралдық-психологиялық жағдайын жоғары деңгейде қамтамасыз ету болып табылады.
- Сіздер ұсынып отырған өзгерістер қаншалықты қажет және олардың армиямызға әсері қалай болады?
- Менің ойымша, бүгінде бұл салаға жүйелі өзгерістер жүргізетін уақыт жетті. Дейтұрғанмен, армия мен әскери сала жалпылама алып қарағанда - консерваторлық құрылым. Сондықтан оған қатысты ойластырылмаған, асығыс шешімдер қабылдауға болмайды. Заманауи армияны қалыптастыруда өзіміздің тарихи тәжірибемізді және алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибені ескеретін дәйектілік қажет. Заң шығару қызметінде де осындай тәсілді ұстанған абзал. Осы орайда жетекші елдердің Қарулы Күштерді дамыту саласындағы тәжірибесін, заманауи тенденцияларды және әскери теория мен тұжырымдамаларды әзірлеудегі озық үлгілерді жаңа заң жобасында барынша есепке алу керек деп санаймын. Осы тұста бекітілген тұжырымдамамен танысқаннан және оны үкіметтік емес ұйымдармен, сондай-ақ ардагерлерді, запастағы әскери қызметкерлерді біріктіретін қоғамдық ұйымдармен, қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы сарапшылармен әрі мамандармен талқылағаннан кейін, осы тұжырымдама мен жаңа заң жобасының қабылдануы жауынгерлік дайындығы жақсы әрі алдына қойылған міндеттерді шешуге қабілетті армияны қалыптастыруға айтарлықтай оң әсер етуі тиіс деген көзқарас қалыптасқанын айтып өткім келеді.
- Сонда сіздің ойыңызша, әскери қызметкерлерді әлеуметтік қамтамасыз ету туралы заң қандай болуы тиіс?
- Әскери қызметкерлерді әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесі ең алдымен пәрменді болуы тиіс. Яғни, әлеуметтік көмек оны алуға құқығы бар және қызметтік жағдайына байланысты барынша лайықтыларға көрсетлуі тиіс. Екіншіден, аталмыш жүйе тиімді, ашық жақсы басқарылатын, көп шығынды қажет етпейтін әрі қарапайым болуы қажет. Мұндай шарттар осы саланы реттейтін негізгі құжатқа да қатысты болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, әскери қызметкерлердің мәртебесі және әлеуметтік қамтамасыз етілуі туралы заң пәрменді, түсінікті, орындалатын және тиімді болуы шарт. Жаңа заң жобасында әлеуметтік қамтамасыз етуді құқықтық реттетуде қазіргі таңда бар барлық олқылықтардың орны толтырылуы тиіс. Заң жобасын әзірлеушілер ең алдымен ұлттық қауіпсіздік мүддесін назарға алулары керек. Сонымен қатар, заңды тиімді жүзеге асыру үшін жағдай жасау мақсатында оны жеткілікті деңгейде қаржылық тұрғыдан қамтамасыз ету қағидаты сақталуы қажет.
- Сіз әскери қызметкерлерді әлеуметтік қамтамасыз ету мәселесі бойынша жұртшылық пікірін зерттеліп жатқанын айтып қалдыңыз. Ол пікірлер қандай екен?
- Біздер көптеген жағымды лебіздер алдық. Олардың көбісі ұсынылған жаңашылдықты қолдап отыр. Бұл қуантарлық жағдай. Өйткені қазіргі таңда талқыланып жатқан заң жобаларының бірқатары жұртшылық тарапынан сынға ұшырап жатады. Қорғаныс министрлігі ұсынып отырған тұжырымдама әскери қызметкерлерді әділетті әрі толыққанды әлеуметтік қамтамасыз ету бөлігіндегі адамдардың арман-үміттерін толық ақтайтын болады. Сонымен қатар, «Запастағы әскери қызметкерлер одағы қоғамдық бірлестігі бізге өте қызықты, әрі перспективалық ұсыныстар топтамасын ұсынса, ал «Жауынгер бауырлар одағы», «Қазақстандағы генералдар кеңесі», «Аман-Саулық» үкіметтік емес ұйымы заң жобасын әзірлеу кезінде айрықша назар аударуды қажет ететін мәселелерді көтерді. Мұндай пікірлер заңның соңғы қорытынды жобасында ескерілуі тиіс деп есептеймін.
- Әңгімеңізге рахмет.
ҚазАқпарат анықтамасы: Тұжырымдама мен басқа да материалдарды www.cvsi.kz сайтынан көруге болады.