Әскери қызметші мүгедек баласының алиментінен ақша үнемдегісі келді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысының №1 кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әскери қызметкер А-ның алимент мөлшерін азайту туралы өтініші бойынша азаматтық істі қарады, деп хабарлайды ҚР Жоғарғы сотының сайты .

Әскери қызметші мүгедек баласының алиментінен ақша үнемдегісі келді

Ол өтінішінде өзінің екі некеден екі баласы бар екендігін және оларға сот актісінің негізінде табысының ¼ мөлшерінде алимент өндірілетінін, алиментке жалақысының жартысы кететінін көрсеткен.

«Өзі әскери қызметкер болғандықтан, қосымша жұмыс жасай алмайды, яғни жалақыдан басқа кірісі жоқ. Жалдамалы пәтерде тұратынын, сондай-ақ айлығынан несие төлейтінін айтып өткен. Жоғарыда көрсетілген мән-жайларға және материалдық қиыншылықтарға  байланысты әр баласына алиментті айлығының 1/6 мөлшеріне дейін азайту туралы талап тілек білдірді»,- делінген хабарламада. 

Азамат А-ның талап тілектерін сот қанағаттандырмады. Сондай-ақ, сот мүгедек бала асырап отырған жалғыз басты анаға қарсы сотқа талап тілек берген әскери қызметкерді этикалық және ар-намыс талаптарын сақтамады деп ҚР Қорғаныс министрлігіне жеке ұйғарым жолдады.

Азаматтық істі қарау барысында азамат А. кәмелетке толмаған мүгедек баласына алимент төлеп қана жүрген, ал баланың денсаулығы, тәрбие беру, басқа да материалдық көмек көрсету сияқты мәселелерге немқұрайды қараған.

1994 жылы 8 маусымда ҚР Жоғарғы Кеңесі қаулысымен ратификациялаған «Бала құқықтары туралы» конвенцияның 27-бабына сәйкес, оны мақұлдаған мемлекеттер әр баланың физикалық, психикалық, рухани, имандылық және әлеуметтік дамуына қажетті өмір сүру деңгейіне құқылы екендігін мойындайды. Ата-аналар немесе баланы тәрбиелеп отырған адамдар қаржылық мүмкіндіктері шегінде баланың дамуы үшін өмір сүруге қажетті  жағдайды жасауы тиіс.
Сот шешімі және жеке ұйғарым заңды күшіне енген жоқ.