Әскери қызметшілер арасындағы әлем біріншілігінде 5 қазақстандық боксшы келесі айналымға жолдама алды
Бүгінгі сайыста барлығы 40 боксшы бақ сынаған болатын. Қазақстан атынан шыққан бес былғары қолғап шеберінің бесеуі де келесі айналымға шықты.
49 келі салмақ дәрежесіндегі Олжас Байниязов пәкістандық Асиф Разаның ойсырата жеңді. Ал 52 келі салмақта тунистік боксшы Мотассар Боуалимен қолғап түйістірген қазақстандық Олжас Сәттібаев та қарсыласын сүріндірді. 56 келі салмақта өнер көрсеткен Қайрат Ералиев болса, өз кезегінде оңтүстіккореялық Квон Чол Гуктен басым түсті. 75 келі салмақта шаршы алаңға шыққан Бабыржан Момыновтың да айы оңынан туды. Ол Біріккен Араб Әмірлігінен келген Махамад Мовсабидің мысын басты. Жаңа ғана аяқталған 91 келі салмақ дәрежесіндегі жекпе-жекте қазақстандық Асқар Абдоллаев пәкістандық Нисар Ханды жеңіп, келесі айналымға жолдама алды.
Жарыстың ертеңгі бесінші күні әдеттегідей күндізгі сағат 14:00- де «Достық» спорт кешенінде басталады.