Әскери қызметшілер арасындағы көпсайыстан чемпионат жеңімпаздары анықталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Армия орталық спорт клубының базасында Қорғаныс министрлігі Орталық Аппараты мен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының VII Спартакиада бағдарламасы аясында әскери-спорт кешеніндегі көпкүрес чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Чемпионатқа 70-тен астам әскери қызметші қатысты. Үш кезеңнен құралған сайыстарда ерлер белтемірге (турник) тартылудан, әйелдер кешенді күштік жаттығулардан күш сынасты, сондай-ақ кросс жарысы ұйымдастырылды.
Турнир қорытындысы бойынша, Қорғаныс министрлігі мен Бас штабтың құрылымдық бөлімшелері арасында жалпыкомандалық есепте кадрлар және әскери білім беру департаментінің командасы бірінші орынды жеңіп алды. Метрологиялық қамсыздандыру және стандарттау орталығының әскери қызметшілері екінші орынды иеленсе, үздіктер үштігін сержанттар құрамымен жұмыс басқармасының командасы тұйықтады.
Бас басқармалар арасында бірінші орын тыл бастығы және қаруландыру басқармасына бұйырды, режим және қауіпсіздікті қамтамасыз ету әскери полициясы жасағының әскери қызметшілері (ҚР Қорғаныс министрлігі) екінші, әскери полиция бас басқармасының командасы үшінші орынға тұрақтады.
«Әскери спортшылардың дене (физикалық) дайындығы - армияның жауынгерлік қабілетінің кепілі. Бүгінгі таңда физикалық дайындық әскери дайындықтың құрамдас бөлігі болып табылады. Сондықтан біз бұған ерекше назар аударамыз, жаттығуларды, жаппай спорт шараларын сапалы ұйымдастырып, спорт нысандарының әскери қызметшілерге қолжетімділігін қамтамасыз етіп келеміз», - дейді спорт комитетінің төрағасы - армия орталық спорт клубының бастығы полковник Расул Мейірманов.
