Әскери қызметшілер жол қозғалысы қауіпсіздігін талқылады
АСТАНА. 5 сәуір. ҚазАқпарат - Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтының ғылыми-зерттеу бөлімі мен жалпы әскери пәндер кафедрасының офицерлері жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі ғылыми-теориялық конференцияның бастамашысы болды.
Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады
Конференция жұмысына Алматы қаласы бойынша Ішкі істер департаментінің, Алматы қаласы ІІД Жол полициясы басқармасының, Алматы өңірлік гарнизоны Әскери полиция жасағының өкілдері, сондай-ақ әскери оқу орындарының қызметкерлері қатысты.
«Сарбаздар, курсанттар мен офицерлер өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету - жан-жақты теориялық, әскери-ғылыми және жалпы ғылыми білім берумен ғана шектелмейді, сонымен қатар ол - қару-жарақ пен әскери техниканы қауіпсіз пайдалану, жауынгерлік және басқа да техниканы қауіпсіз жүргізу, білікті техникалық қызмет көрсету әдістерін меңгеру», - деп атап өтті өз сөзінде Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты бастығының қару-жарақ жөніндегі орынбасары Асқар Мұстабеков.
Мәслихатқа қатысушылар жол қозғалысы қауіпсіздігінің қазіргі заманғы жай-күйі туралы баяндамаларды тыңдап, көрсетілген тақырыптар мен проблемалар бойынша, соның ішінде жолда жүру ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту мәселесі төңірегінде өз пікірлерін білдірді. Әскери қызметшілердің әскери және жеке автокөлікте жүргізу сапасын талдау бойынша Алматы өңірлік гарнизоны Әскери полиция жасағының әскери-автомобильдік полиция бөлімінің бастығы подполковник Сергей Капчук баяндама жасады.
Конференция жұмысының қорытындысында «Автомобиль ісі» пәні бойынша курсанттарды даярлау сапасын арттыруға және жалпы жол қозғалысы қауіпсіздігі жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін ұсыныстар қабылданды. Конференцияға қатысушылар әртүрлі ведомстволар мен жоғары оқу орындарының ғалымдары мен мамандары өткізетін осындай кездесулер жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру мен іске асыруға үлкен үлес қосарына сенім білдірді.