Әскери қызметшілер жолда қалған 120 адамды құтқарды
АСТАНА. 23 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстан армиясының әскери қызметшілері Қарағанды облысында жолда қалған 120 адамды құтқарды. №36352 әскери бөлімінің құтқару жасағы қарлы боранның қақпанына түскен автокөліктерді алып шығу үшін 4 сағат бойы жол тазалаумен айналысты.
Ауа райының күрт бұзылуына байланысты Алматы-Екатеринбург тас жолы бойында Қарағанды қаласынан 47 шақырым қашықтықтағы Ақбастау кентінің маңында 12 жүк көлігі, 10 жеңіл автокөлік, сондай ақ 2 автобус жолда қалған. Қар үйінділерінің биіктігі кей жерлерде 2 метрге дейін жеткен. Спассктегі оқу-жаттығу орталығының басшылығы 2 арнайы автокөлік пен бір шынжыр табанды техника бөлді.
Әскери қызметшілер жүргізушілердің Қарағанды қаласына дейін жетіп алуына көмектесті. Қар құшағынан құтқарылған адамдар құтқару жасағының басшысы майор Леонид Маклаковқа, сондай-ақ техникамен көмек қолын созған аға сержант Н.Тойбековке, сержант А.Землянушкин мен сержант Д.Кротовқа алғыстарын білдірді, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.