«Әскери медиа - 2017» республикалық баспасөз фестивалінің жеңімпаздары анықталды
«Қазіргі заман ақпарат ғасыры деп дұрыс айтылған. Бүгінгі күні жаңа технологиялар, коммуникациялық желілер адам мен қоғам өмірінің барлық салаларын дерлік қамтып отыр. Олар экономикада, саясатта және мәдениетте қоғамдық түсінік қалыптастырып, адам өміріне ықпал етуде. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарын төртінші билік деп атау толықтай заңды», - деді фестивальдің ашылу рәсімінде сөз сөйлеген ҚР Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов.
Сонымен 9 аталыммен өткен байқауға еліміздің түпкір-түпкірінен 300-ден астам өтініш түсіп, соның ішінен 50-і іріктеп алынған. Ал аталған елуліктің ішінен «Үздік телевизиялық бағдарлама үшін» аталымында «Атырау» телеарнасының редактор-жүргізушісі Айнагүл Қалбаева, «Үздік радио бағдарлама үшін» аталымында «Қазақ» радиосының тілшісі Мәдина Ишанова, «Баспасөз бұқаралық ақпарат құралдарында басылған үздік материал» аталымында «Егемен Қазақстан» газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Азамат Қасым, «Ақпарат агенттіктеріндегі үздік материал» аталымында Информбюро тілшісі Григорий Беденко, «Үздік фото жұмыс» аталымында «Казахстанская правда» газетінің фототілшісі Юрий Беккер, «Үздік блогер» аталымында Александр Мироглов, «Үздік әскери шолуы» аталымында «Караван» газетінің шолушысы Владимир Северный, «Өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарындағы үздік материал» аталымында «Атырау» телеарнасының жүргізуші-редакторы Нұргүл Рамазанова, «Үздік жас журналист» аталымында ШҚО Үржар ауданы Қарабұлақ орта мектебінің 11 сынып оқушысы Рыскүл Даутанова жеңімпаз деп танылды.