Әскери медиктер мен мергендер Халықаралық Армия ойындарына дайындалып жатыр (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ҚК Құрлық әскерлері «Гвардейск» гарнизоны оқу-жаттығу орталығының базасында 2016 жылғы Армия ойындарының халықаралық кезеңіне қатысу үшін дайындалып жатыр. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Әскери-медициналық эстафета» және «Мерген шебі» байқауларына дайындық басталып та кетті. Онда Ресейде өтетін 2016 жылғы Армия ойындарының халықаралық кезеңдеріне қатысатын қазақстандық Қарулы Күштердің ең үздік әскери қызметшілері іріктелетін болады.
Дайындық жаттықтығуына 415 әскери қатысады. Еліміздің шамамен 120 бірлік әскери техникасы тартылды. Құрлық әскерлерінің әскери қызметшілері «Танк биатлоны», «Мерген шебі», «Десанттық взвод», «Артиллериялық атыс шеберлері», «Әскери-медициналық эстафета» және көптеген басқа да байқаулар бойынша сайыстың барлық кезеңдерін аяқтағандарын естеріңізге сала кетейік.
Барлық қатысушылар кедергілерді еңсерді, қойылған тапсырмаларды орындады және өздерінің жауынгерлік даярлықтарын көрсетті.
Биыл Армия халықаралық ойындары - 2016 алғаш рет Қазақстан аумағында өтеді. Онда әскерилер «Мерген шебі» және «Артиллериялық атыс шеберлері» атты екі байқау бойынша тартысқа түсетін болады.
Қалған байқауларға қатысу үшін халықаралық кезеңге дайындықты аяқтағаннан кейін үздік қатысушылар Ресей Федерациясында бақ сынасуды жалғастырады. Онда қарсыластары шетел армияларының әскери қызметшілері болмақ.
