Әскери мектеп оқушылары жоғары әскери университеттерге бірінші кезекте қабылданады - Елбасы
АСТАНА. 5 қыркүйек. ҚазАқпарат - Әскери мектеп оқушылары жоғары әскери университеттерге бірінші кезекте қабылданады.
Бүгін Астанадағы Назарбаев Университетінде интерактивтік дәріс оқыған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды қаласындағы Т.Бигелдинов атындағы Республикалық әскери мектеп-интернаттың курсанты Абай Сәттібаевтың сауалына орай осылай деді.
«Мен әскери мамандықты таңдадым. Білімімді жалғастырып жоғары әскери оқу орнына түскім келеді. Бірақ біздің әскери мектеп түлектеріне жоғары әскери оқу орнына түсу кезінде жай мектеп оқушылары түлектерінен ешқандай артықшылықтары жоқ. Алайда біз 14 жасымызда Отан сарбаздары боламыз. Елімізді қорғаймыз деп шештік. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, жақсы, өте жақсы оқыған әскери мектеп оқушыларына жоғары әскери оқу орнына түсу кезінде мемлекеттік жеңілідктер жасауға мүмкіндік бар ма?» - деді ол Елбасына қойған сауалында.
«Тәуелсіздік алдында біздің әскеріміз болған жоқ. Ол да тәуелсіздіктің бір табысы болып саналады», - деп атап өтті Елбасы.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы бұл мектептерде әскери ауыр жұмыстың ең басты шаруаларын үйренуге, сапта жүру, қару жарақты қолдана білу, дене шынықтыру, оның үстіне қазіргі мектептердегі сауатты болу, мәдениетке, музыкаға, биге үйренуге барлық жағдай жасалып отырғандығын баса айтты. «Сондықтан да бұл мемлекеттің жасап отырған үлкен қамқорлығы. Әрине, осы мектепті бітірген балалар жоғары әскери университетке түскен кезде ескерілуі керек. Қазір де солай. Ең біріші қабылданатын сендер боласыңдар», - деді ҚР Президенті.