Әскери оқу орындарына құжат қабылдау мерзімі жарияланды

Оқу
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы Жұмабек Ахметов еліміздегі әскери жоғары оқу орындарына түсі тәртібін түсіндірді. Бұл ретте мерзімді әскери қызметтегі азаматтар әскери институттарға ҰБТ тапсырмай-ақ түсе алады.

ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери білім беру жүйесіне 9 әскери оқу орны кіреді. Орта білім бойынша 3 республикалық «Жас ұлан» мектебі, Астана мен Щучье қалаларында 2 техникалық және кәсіптік әскери колледж бар. 

Жоғары білімде – Құрлық әскерлерінің әскери институты, Әуе қорғаныс күштері әскери институты және Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты мамандарды даярлайды. Ал жоғары оқу орнынан кейінгі (магистратура және докторантура) білімде – Ұлттық қорғаныс университеті бар.

СЦК
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

«2024 жылы әскери институттарға түсу үшін ҰБТ нәтижелерінің талаптарына тиісті өзгерістер енгізілді: ең төменгі өту балы – 50, бейінді пәндер бойынша да өзгеріс жоқ – 7 балл, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі биыл Математикалық сауаттылық пен Оқу сауаттылығы бойынша сұрақтар санын 20-дан 10 баллға дейін төмендеткендіктен, оқу мен жазу сауаттылығы 5-тен 3 баллға дейін түсірдік», - деді Ж. Ахметов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Спикер мерзімді әскери қызметтегі азаматтарға әскери институттарға түсу емтихандарынсыз және ҰБТ тапсырмай түсу мүмкіндігі қарастырылғанын атап өтті. Оқуға түсу квотасы жалпы қабылдау жоспарының 25% құрайды.

Жергілікті әскери басқару органдарының құжат қабылдау мерзімі 10 маусымға дейін ұзартылды, құжаттарды әскери институтқа тапсыру мерзімі – оқуға түскен жылдың 15-31 шілде аралығында болмақ.

Азаматтар мен әскери қызметшілерді әскери институттарға қабылдау 1-20 тамыз аралығында бірнеше кезеңмен жүргізіледі: I кезең – кәсіби-психологиялық іріктеу; II кезең – әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу ережелеріне сәйкес қорытынды медициналық тексеру; III кезең – дене дайындығын тексеру; IV кезең – конкурстық іріктеу және тіркеу.

Қабылдау комиссиясының шешімі 21 тамызда сағат 10:00-ге дейін жарияланады және әскери институттың интернет-ресурсында орналастырылады. Апелляциялық шағымдар 22 тамыз сағат 10:00-ге дейін қабылданады.

Қабылдау комиссиясының қабылдау туралы шешімі әскери институт бастығының бұйрығымен қабылданған жылдың 23 тамызында бекітіледі.

Соңғы жаңалықтар