Әскери парадта қандай техникалар көрсетілді
Ширек ғасырлық тарихында Қазақстан армиясы дамудың күрделі кезеңдерінен өтіп, маңызды мемлекеттік институт ретінде қалыптасты. Саны аз болса да, кәсіби біліктілігі жоғары, жинақы, заманауи қару-жарақтармен, жаңа әскери техникалармен жарақтандырылған Армия құрылды.
Бүгін Қазақстан Қарулы Күштерінің 25 жылдығына орай Астанада өткен ең ауқымды әскери парадта ел әскерінің 300-ден астам әскери техникасы мен 70 әскери авиация ұшағы қалың жұртшылыққа көрсетілді. ҚазАқпарат бүгінгі парадқа шығарылған ел арсеналындағы ең әлеуетті техникалар тізімін назарларыңызға ұсынады.
БМПТ жауынгерлік машиналары - танкілерге демеу білдіретін жауынгерлік атыс көліктері. Бір жауынгерлік көліктің атыс қуаты екі мотоатқыштар взводының қуатынан асып кетеді.
«Солнцепек» АОЖ-1 оқшашар жүйелері -бір атыспен шамамен 40 000 шаршы метр аумақты талқандай алатын жауынгерлік көлік.
«Штурм-С» - танкіге қарсы зымыран кешені - 5 шақырымға дейінгі қарсыластың ауыр техникасын талқандай алады, жуандығы 56 см болатын сауытты тесіп өте алады.
БТР-80А сауытты көлігі - минаатқыш взводымен, «Игла» тасымалды зенитті-ракеталы кешені взводымен күшейтілген, сонымен қатар, артиллериялық атысты реттеу «Атлас» жаңа электронды-оптика жүйесімен жарақтандырылған.
БТР-82А сауытты көлігі - қуатты атыс пен қозғалыстың жоғары жылдамдығына ие, бұл теңіз жаяу әскері бөлімшелері үшін таптырмас техника.
Д-30 сүйретпелі зеңбірегі - Құрлық әскерлерінің танк, десанттық-шабуылдаушы әскерлер, механикаландырылған бригадалар қолданатын ұңғысы 122 миллиметр болатын зеңбірек. Д-30 зеңбірегі 15 шақырымнан астам қашықтыққа минутына 8 атыс жасауға қабілетті. Артиллериялық зеңбіректі сүйреп тасымалдау Көкшетаудағы «КамАЗ Инжиниринг» АҚ зауытында жасалған КамАЗ автокөліктері арқылы іске асырылады.
«Гиацинт» зеңбіректер батареясы - Құрлық әскерлері артиллериялық бригадалары қолданатын қару. Зеңбірегінің ұңғысы - 152 миллиметр. Ол өзіне ұқсас барлық қарулардан ұзағырақ, яғни 33 шақырым қашықтықтан атыс жүргізе алады.
«Тюльпан» өздігінен жүретін минаатқышы - әлемдегі ең қуатты миномет. Оның калибрі 240 мм. «Тюльпан» өзінің атыс қуатын жоғары ұтқырлық және маневрлікпен үйлестіреді. Ол сағатына 60 шақырым жылдамдықпен қозғалып, 19 шақырымнан астам қашықтыққа оқ ата алады.
«Қаз Град» дүркіндетіп ату реактивті жүйесі - аты аңызға айналған «Катюша» қаруына ұқсас реактивті қару 20 шақырым қашықтықтағы жаудың нысандары мен әскери техникасын талқандауға қабілетті.
«Смерч» дүркіндетіп ату реактивті жүйелері - бір қондырғыда зымырандарға арналған 12 бағыттаушы бар және оқ ату қуатына ие. Атыс ұзақтығы 90 шақырымға дейін жетеді, бір зымыранның салмағы 800 келі. Бір атыспен «Смерч» 280 гектар болатын аумақты талқандай алады.
«Точка-У» тактикалық ракеталар кешені - салмағы 2 тоннадан асатын, қарсыластың 120 шақырым қашықтықтағы маңызды нысандарын жоя алатын зымырандар.
«Арлан» брондалған машиналары - отандық «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» кәсіпорнында құрастырылған минаға қарсы қорғану деңгейі аса жоғары көлік. Кез келген атыс қаруының шабуылына төтеп береді және 16 тонна салмақта жылдамдықты сағатына 100 шақырымға дейін арттыра алады.
«Кобра» жауынгерлік барлау көлігі - кез келген заманауи ұрыс жағдайларында жауынгерлік тапсырмаларды орындауға қабілетті Түркияда жасалған автокөлік. «Кобра» 12 де 7 миллиметр ұңғылы пулеметпен жарақталған. Құмдауыт және таулы аймақтарда еркін жүруге, сондай-ақ сулы кедергілерді бағындыруға өте қолайлы.
«Хаммер» және «Лэнд Ровер» автокөліктері - теңізде және басқа да сулы аймақтарда арнайы операцияларды орындау кезінде жауынгерлік жүзгіш бөлімшелерге арналған қайықтар мен гидроциклдерді тасымалдайды.
«Скайларк» және «Бусел» ұшқышсыз ұшу аппараттары - 40 шақырымға дейінгі қашықтықта оператор арқылы жерден басқарылатын жеңіл салмақты ұшу аппараттары.
«Цикада», «Аметист», «Рубин» радиоэлектронды күрес көліктері, «Натиск» радиоэлектронды барлау жүйесінің жауынгерлік көлігі - мәліметтерді қағып алып, барлық заманауи, соның ішінде ұялы және спутникті байланыс түрлерін бәсеңдету мүмкіндігі бар көліктер.
«Тигр» арнайы полиция автокөлігі - арнайы немесе жауынгерлік операцияларды орындау барысында жеке құрамды қорғауға, патрульдеуге және оқ атумен демеу көрсетуге арналған.
«Федерал» арнайы брондалған автокөлігі -жеке құрамды жолсыз жерлерде тасымалдауда қолданылады және атыс қаруының оғынан, жарылғыш заттардан қорғанудың қажетті деңгейіне ие.
«Урал-4320» жол талғамайтын борттық автокөлігі - жолдың барлық түрінде және барлық жерде адамдар мен жүкті тасымалдауға арналған.
«Сэнд Кат» сауытты жол талғамайтын автокөліктері - жоғары деңгейлі қорғанысқа ие және сағатына 160 шақырымға дейін жылдамдықта жүйтки алады. «Сэнд Кат» және «Арлан» жол талғамайтын автокөліктерін Мемлекеттік күзет қызметі қолданады.
ЗУ-23-2 зенитті қондырғысы - Петропавл ауыр машина жасау зауытында құрастырылған, қосымша зымырандық ұшыру модулімен және тепловизормен жабдықталғандықтан, тәуліктің кез келген бөлігінде 6 шақырымға дейінгі әуе нысандарын атып түсіре алады.
С-300 көпарналы зенитті зымыранды кешені - 300 шақырымға дейінгі қашықтықтағы әуе нысаналарын жою мүмкіндігіне ие. Бір кешен бір уақытта 6 нысанаға бақылау жүргізіп, оларға 12 басқарылатын ракета жібере алады.
«Вин Лонг» басқарылатын ұшу аппараты - барлау мен нүктелік соққы беруге арналған. Салмағы 1100 келі. «Вин Лонг» 5 мың метрден астам биіктікке және мың шақырым қашықтыққа ұша алады.
МИ-35М әскери тікұшақтары -ұрыс даласында Құрлық әскерлеріне атыспен демеу көрсетуге арналған. Оның қару-жарақ құрамында «Штурм-М» танкіге қарсы басқармалы ракеталар және «әуе-жер» класты басқарусыз зымырандар бар. Тәулік бойы жауынгерлік қолданыста болуы үшін Ми-35М заманауи навигациялық кешенмен және нысаналарды электронды анықтау құралдарымен жабдықталған.
Ми-17 шағын көп салалы тікұшағы -әмбебаптығымен және жоғары техникалық-ұшу сипаттамаларымен әлемдегі ең көп таралған танымал тікұшақ. Ол Құрлық әскерлері бөлімдерінің жинақылығын арттыруға, әскерлерді толық қару-жарақтарымен десанттауға, сондай-ақ қарсыластың нысандарын жоюға аналған және биік таулы және жоғары температуралы аймақтарда жауынгерлік тапсырмаларды орындауға бейімделген.
Ми-8 жауынгерлік-көліктік тікұшағы - бірқатар әлем елдерінің арсеналдарында өте тиімді жауынгерлік құрал болып есептеледі. Оны жауынгерлік тапсырмаларда ғана емес, іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізуге, өрт сөндіру және аспа арқылы жүк тасымалдауға қолданылады.
Ми-171Ша тікұшағы - құрлық әскерлеріне қолдау көрсетуге, қарсыластың жауынгерлік техникаларын жоюға, десантты атыспен демеуге, патруль, іздеу-құтқару және барлау қызметтерін атқаруға арналған. Тікұшақтың басқалардан ерекшелігі оның сенімділігі, көп салалы мүмкіндіктері, қолданысындағы қарапайымдылығы.
ЕС-145 тікұшағы - Қазақстанда жасалған көп салалы, қолданыстағы тиімділігі жағынан пайдалы жеңіл тікұшақ. «Еврокоптер» тікұшақтары арнайы операциялар күштерінің әрекеттерін қамтамасыз етуге арналған. Дыбыс шуылының төмендігі, сенімділігі және жанармай шығыны аздығының арқасында ЕС-145 тікұшақтары 700 шақырымға дейінгі қашықтыққа ұша алады.
Ка-32 және ЕС-145 тікұшақтары - Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар комитетінің негізгі міндеттерін - іздеу және апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу, тұрғындар мен мүліктерді эвакуациялау, жеке құрам мен жүктерді жеткізуді атқарады. Сонымен қатар, Ка-32 тікұшағын аспалы су төгу құралының көмегімен өрт сөндіруге пайдаланады.
Ту-154 ұшағы - әуе командалық пункті ретінде қолданылады және оны СУ-27 жойғыш ұшақтар тобы ере жүріп қорғайды.
Су-27 ұшағы - жоғары жауынгерлік мүмкіндіктерге ие ұшақтың бұл түрі әуе кеңістігі қауіпсіздігін кең ауқымда қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ан-72 ұшағы - тактикалық, бітімгершілік және гуманитарлық миссияларды орындау үшін арнайы құрастырылған.Бұл ұшақтың турбореактивті қозғалтқыштары жылдамдықты сағатына 720 шақырымға дейін арттыруға мүмкіндік береді және жауынгерлік бөлімшелерді алыс қашықтыққа жедел жеткізуді қамтамасыз етеді. Аэродинамикалық ерекшелігінің арқасында ұшақ жылдам ұшып-қона алады.
Ан-26 әскери-транспорттық ұшағы - өзінің сенімді екенін дәлелдеген үнемді көліктік кеме. Ол әскерлерді әскери техникасымен және қару-жарағымен бірге, сондай-ақ тез арада оқ-дәрілер мен материалдық заттарды, жаралылар мен сырқаттарды тасымалдауға арналған. Ан-26 ұшағы таулы әуеайлаққа күрделі әдістермен кіру кезінде жоғары маневрлі мүмкіндікке ие.
Си-295 әскери-транспорттық ұшағы - испандық «Эйрбасс Милитари» кәсіпорнында жасалған және заманауи навигация жүйесімен жабдықталған ұшақ. Си-295 ұшағы 9 тоннаға дейін жүкті жеткізіп, 70 әскери қызметшіні толық қару-жарағымен тасымалдай алады және қосымша жанармай құймай 5 мың шақырымға дейін ұша алады.
Су-25 жойғыш ұшақтары - дыбыстық сауытты ұшақтар, жауынгерлік сапасына қарай «ұшатын танк» деп аталады.Бұл ұшақ түрі тікелей Құрлық әскерлеріне атыспен демеу көрсету үшін жасалған.
МиГ-31 тосқауылшы-жойғыш ұшақтары - еліміздің әуе шабуылына қарсы қорғанысының негізгі элементтерінің бірі. Олар әртүрлі нысаналарды, соның ішінде қанатты зымырандарды да жоюға қабілетті.
Су-30СМ жойғыш ұшақтары - базадан алыс аймақта, тәулік бойы және қарсыластың қарқынды қарсылық көрсету жағдайларында кең ауқымды жауынгерлік тапсырмаларды орындауға қабілетті аса оңтайлы көп салалы жойғыш ұшақтар буыны. Ұзақ уақыт қонбай ұшуды жалғастыруы үшін ұшақ әуеде жанармай құю қондырғысымен және қару-жарақтың бірнеше түрімен жабдықталған. СУ-30СМ экипажы екі ұшқыштан тұрады. Бұл экипаж мүшелерінің арасында атқарлатын жауынгерлік қызметті бөліп атқаруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, парадқа қатысқан әскери техникалардың жартысына жуығы Қазақстанда шығарылған. Атап айтқанда, ЕС-145 тікұшақтары, «Арлан» бронды техникасы, «Қаз Град» реактивті жүйелері, «Джигит» зеңбірек қондырғылары және негізгі көлік болып саналатын КаМАЗ-дар отандық қорғаныс өнеркәсіптерінде шығарылған. «Қазақстан Инжиниринг» Ұлттық компаниясы және өзге де кәсіпорындардың зауыттарында қолдағы әскери техникаларды жаңарту, жөндеу мен жаңа қару-жарақ түрлерін, оқ-дәрілер мен арнайы құралдарды жасап шығару жолға қойылған.