Әскери патрульдер Брюссель көшелерінен 2015 жылдан бері алғаш рет шығарыла бастады
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Полицияға ірі қалалардың, вокзалдардың, әуежайлардың және ядролық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектескен Бельгия әскері 31 тамыздан бастап «Vigilant Guardian» операциясын тоқтатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.
Аталған операция Бельгияның Вервье қаласындағы экстремистік ұяшық жойылғаннан кейін 2015 жылдың қаңтарында басталды. Операцияның басында 150 әскери қызметші жұмылдырылды, жеке құрам саны үнемі артып, 2016 жылдың қазан айына қарай 1828 адамға жетті.
Брюссельдің орталық аудандарынан автоматпен қаруланған әскери жаяу патрульдерді байқауға болады.
Алайда, 2016 жылдың желтоқсанында ел билігі әскери патрульдердің санын азайта бастады. 2020 жылы билік миссияны ішінара жоюды мақұлдады.
Жергілікті жерлердегі қауіптер мен талаптарды талдауға сүйенсек, полицияға әскердің қолдауы қажет болмай қалды.
Авторы: Арнұр Рахымбеков