Әскери пилоттар ұшудың жаңа әдісін меңгеруде - ВИДЕО

АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат - Әскери-тасымалдау авиациясының ұшқыштары ұшудың жаңа әдісін машықтау үстінде. Арнайы жаттығу инфрақызыл қондырғылардың көмегімен тәуліктің түнгі уақытында ұшуды көздеп отыр. Бұл - жердегі қарсыласқа көктегі әуе кемесін көрсетпеудің бір тәсілі. Қазақстандық әскерилер осы жылдың басында ғана алынған жаңа С-295 әскери-тасымалдау ұшағында жаттығып жүр. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Әскери пилоттар ұшудың жаңа әдісін меңгеруде - ВИДЕО

Осыған дейін әскери-тасымалдау авиациясының ұшқыштары үшін түнде ұшу күрделі мәселе болып келген еді. Елімізге биыл ғана келген бортына адам мен маңызды жүктерді алып жүретін С-295 ұшағының жиынтығында арнайы инфрақызыл қондырғылар бар екен. Дәл осы қондырғының көмегімен, енді әуе-кемесі сыртқы жарықтарын жақпай-ақ, тас қараңғыда ұшып-қона алатын болды. Аспандағы бұл нысан жердегі қарсыласқа көрінбегенімен, ұшқыш жердегінің барлығын көріп отырады.

Қазіргі таңда С-295 ұшағында жұмыс жасауға екі экипаж толығымен дайын. Ал бұдан кейін жыл сайын тағы бір ұшақ қосылып отырады. Бас-аяғы елімізде осындай 8 ұшақ болуы тиіс.