Әскери полиция құрылған күнін атап өтті
«Қазіргі кезде әскери полиция органдарында төрт әскери полиция отряды, 16 бөлім, 4 бөлімше және әскери полиция мамандарын даярлайтын Орталық жұмыс істеп тұр. Олардың барлығы заманауй құралдармен және әскери техникамен жабдықталған»,- дейді әскери полиция бас басқармасының бастығы полковник Тимур Дәндібаев
«Әскери тәртіп пен құқық тәртібі әскерлердің жауынгерлік даярлығының негізі болып саналады. Бүгінде әскерлердің күнделікті тыныс-тіршілігін әскери полицияның қатысуынсыз елестету мүмкін емес. Әскери полиция құқық бұзушылықтың алдын алу, әскери техниканы алып жүру, гарнизондарда патрульдік қызмет, жаттығу кезінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмысты ашу және оның жолын кесу, әскери қызметшілерді іздестіру сияқты маңызды міндеттермен қоса басқа көптеген функцияларды атқарады. Өзінің құрылған күнінен бастап әскери полиция органдары орасан зор жұмыстар атқарды. Оны Қарулы Күштерде тіркелген тәртіп бұзушылықтың жыл сайын кеміп келе жатқандығынан көруге болады»,-делінген ҚР ҚМ баспасөз қызметінің мәліметінде.
Құрылған күні қарсаңында Ақмола өңірлік гарнизоны Әскери полиция отряды ашық есік күнін өткізді. Оған астаналық № 34 мектептің оқушылары шақырылды. Оқушылар әскери полицияда өткізілген ерекше экскурсияға дән риза болды. Олар осындағы әскери қару-жарақтар мен әскери техниканы, мергендердің, гранатаметшілердің, арнайы мақсаттағы әскерлердің киім-кешек үлгілері мен жабдықтарды көріп тамашалады. Әскери полиция отрядының алаңында балалар арнайы үйретілген иттердің іс-қимылын көру мүмкіндігіне ие болды.
Қазіргі таңда әскери полицияның Қарулы Күштердегі орны ерекше. Әскери бөлімдер мен тәрбие құрылымдары арасындағы жүйелі жұмыстың нәтижесінде әскерлерде тәртіп бұзушылықты айтарлықтай қысқартуға қол жеткізілді.