Әскери полиция органдарының жеке құрамы Қазақстанның қорғаныс қабілеттілігіне маңызды үлес қосуда - С.Жасұзақов

АСТАНА. 24 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери полиция органдары бастықтарының үш күндік жиыны аяқталды. Бұл басқосуда жауынгерлік және жұмылдыру дайындықтары, сондай-ақ ағымдағы жылдың қызметі қорытындыланды, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен Оксана Парпура.

Әскери полиция органдарының жеке құрамы Қазақстанның қорғаныс қабілеттілігіне маңызды үлес қосуда - С.Жасұзақов

Іс-шара министрдің бірінші орынбасары - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Штабтар бастықтары комитетінің төрағасы, генерал-полковник Сәкен Жасұзақовтың жетекшілігімен өтті.

Жиында әскери тәртіп сақшылары әскери полиция қызметінің беделін арттыру мәселелерін талқылап, нақты ұсыныстарын ортаға салды.

- Қорғаныс министрлігінің басшылығы әскери-құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде әскери полиция органдарына айрықша мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ, оларды техникалық тұрғыдан жарақтандыру мен жеке құрамның сапалы дайындығына да барынша көңіл бөліп келеді, - деп атап өтті генерал-полковник Сәкен Жасұзақов. - Әскери полиция органдарын дамытуға арналған үшжылдық бағдарлама жасалып, соның нәтижесінде, автомобильдік техникамен, арнайы құралдармен, жаңа киім үлгісімен және қажетті құралдармен қамтамасыз ету қарастырылған.

Жиын барысында Президент Жарлығы талаптарына сәйкес сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын күшейтуге қатысты мәселелер де талықыланды.

Соңғы жылдары Қазақстан армиясында тәртіп бұзушылық пен қылмыстың айтарлықтай қысқарғаны байқалады. Бұл Қарулы Күштердегі құқық тәртібін қамтамасыз етудегі жетістіктер екені анық. Үстіміздегі жылдың 10 айында әскерлерде өткен жылдың он айымен салыстырғанда, тәртіп бұзушылық 21 пайызға қысқарған.

ҚР ҚК Әскери полиция бас басқармасының бастығы, әділет полковнигі Талғат Сағымбеков әр деңгейдегі командирлер мен бастықтардың жеке құрамға тәрбие беру жұмысын жүргізуге мейлінше жауапкершілікпен қарау керек екенін атап өтті.

Министрдің бірінші орынбасары - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Штабтар бастықтары комитетінің төрағасы, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов атқарылған жұмыстарға ризашылығын білдіріп, әскери полиция жеке құрамының еліміздің қорғаныс қабілетін қамтамасыз етудегі еңбегін жоғары бағалады.