Әскери прокурорлар аймақтарда әскер қатарына шақырылғандарды әскери есепке алуды ұйымдастыруға қатысты тәртіп бұзушылықтарды анықтады
Ақпарат көзіне сүйенсек, осы және басқа да мәселелер Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің, Ішкі істер министрлігі Ішкі әскер комитеті мен басқа орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияның лауазымды тұлғалары қатысқан ведомствоның алқа отырысында талқыға түсті.
«Әскери прокурорлар орталық мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, жергілікті атқарушы органдардың қорғаныс істері жөніндегі уәкілетті органдарымен тиісті деңгейде өзара іс-қимылдарды қолға алмағандарын анықтады. Соның салдарынан, Қарулы күштер қатарына шақырылған азаматтарды жұмыс орны бойынша әскери тізімге алуды ұйымдастыруға қатысты жүйеде тәртіп бұзушылықтар орын алған», - делінген баспасөз қызметтің таратқан ақпаратында.
Сонымен қатар, әскери прокурорлардың мәлімдемелері бойынша республиканың қалалары мен аудандарындағы 196 шақыру пункттерінің 50-і тиісті заңнама талаптарына сай емес екендігі белгілі болды.
«Тексерудің қорытындылары бойынша барлығы 174 қызметкер әртүрлі жауапкершілікке тартылды», - деп толықтырып өтті ведомствоның баспасөз қызметі.