Әскери салада қызмет ететін әке мен қыз жұмысы, отбасы жайлы айтып берді

әскер
Фото: Jibek Joly телеарнасы

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде әке жолын қуып, аманат арқалап жүрген жандар аз емес. Соның бірі – Динара Тұрғанбаева. Отан қорғау саласын таңдаған қайсар қыз әкесімен бірге Jibek Joly  телеарнасындағы «Мархабат» бағдарламасында қонақ болып, қызметі, отбасы жайлы айтып берді.

Динараның әкесі Ералы Әмірәліұлы 1995 жылы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтына оқуға түскен. Кейіннен өзі білім алған оқу орнына взвод командирі ретінде жұмысқа қабылдаған. Жас офицер білімі мен жігерін бір арнаға тоғыстыра білетін, дұрыс шешім қабылдай алатын маман ретінде бірден көзге түскен.

5 жылға жуық институтта оқытушы болған. 2013 жылы ҚР Ұлттық Қорғаныс университетінде білімін жетілдіріп, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына шақыртылған. Бүгінде полковник Тұрғынбаев Білім сапасын бағалау бөлімінің бастығы. Қызметіне ұқыпты, ұжымында беделі жоғары қызметкер. Сабақ жоспарын өзі бекітіп, оның орындалуын да жеке өзі қадағалайды. Ұдайы білімін жетілдіріп отыратын полковник 2013 жылы доктор PhD ғылыми атағын алған. 

әскер
Фото: Jibek Joly телеарнасы

Әкесінің жолын қуған қызы Динара Тұрғанбаева мектеп бітірген соң Отан қорғау саласын таңдаған. Ол 2023 жылдың шілде айында Қарулы Күштер қатарына шақырылған. Қазіргі таңда әкесі қызмет ететін институттың академиялық ұтқырлық бөлімінің аға маманы.

«Әскери қызметшінің отбасы – ерекше одақ, сенімді тыл. Ондағы негізгі таным-түсінік махаббат, өзара түсіністік, сыйластық және шыдамдылық дейді», – Динара.

Соңғы жаңалықтар