Әскери шерудің Конституция мерейтойына қарсы ұйымдастырылуы - халықтың оған деген сый-құрметінің белгісі - И. Рогов

АСТАНА. Тамыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Игорь Рогов бүгін «Қазақ елі» монументі жанындағы алаңда Елбасы Н. Назарбаевтың қатысуымен өткен Әскери шеруден алған әсерімен бөлісті.

Әскери шерудің Конституция мерейтойына қарсы ұйымдастырылуы - халықтың оған деген сый-құрметінің белгісі - И. Рогов

«Бүгінгі әскери шеруге деген таңданысым шексіз. Бұл біздің еліміздің Қарулы Күштерінің қайраттылығын, пәрменділігін көрсетеді. Осындай шерулердің өткізілуі сөзсіз қажет, өйткені бұл халық жүрегінде отансүйгіштік сезімдерін оятады. Әскери шерудің Бас Заңымыз - Конституциямыздың мерейтойына қарсы ұйымдастырылуы - халықтың оған деген сый-құрметінің белгісі, Елбасы әспеттеуінің белгісі», деді И. Рогов.

Бүгін ҚР Конституциясына 15 жыл толып отыр. Соған байланысты ел бойынша мерекелік шаралар ұйымдастырылуда. Ал ең басты шара - әскери шеру елорданың Тәуелсіздік алаңында өтті. Онда Қорғаныс министрлігінің Құрлықтағы әскерлері, Әуе қорғанысы күштері және Әскери-Теңіз күштері, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және Республикалық Ұланның жасақтары сап түзеп жүріп өтті.

Әскери шеруге 150-дан астам әскери техника тартылған. Барлығы дерлік төл әскеріміздің штатты бірлігіне қабылданған техниканың үлгілері. Шеруді еліміздің Әуе қорғанысы күштерінің иелігіндегі әскери авиация от шашып, елорда аспанына өз қолтаңбаларын қойды. Жалпы шараға 66 ұшу аппараты қатыстырылды.