Әскери шеруге Ұлы Отан соғысының ардагерлері жоғары баға беруде
СТАНА. Тамыздың 31-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанада «Қазақ елі» монументі алдында өткен әскери шеруге Ұлы Отан соғысының ардагерлері жоғары баға беріп жатыр.
Жоғары деңгейлі әскери шеруге жақын және алыс шетелден меймандар, шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының өкілдері, елорда тұрғындары мен басқа өңірлерден келген қонақтар келіп тамашалады.
Алайда шеруде оқ пен соғыс отын кешкен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің маңызы да қадірі де жоғары болды. Олар бірауыздан бүгінгі Конституцияның 15- жылдығына арналған әскери шерудің биік деңгейде ұйымдастырылды деп әділ бағаларын беріп жатты.
«Бұл менің екінші рет қатысуым. Биылғы шеру жоғары деңгейде өтті. Әскери шеру - ел үшін аса маңызды шара. Сондықтан Конституцияның мерейтойын әскери парадпен қарсы алу - Қазақстан үшін дәстүрлі болғаны дұрыс. Осындай жоғары деңгейде атап өту арқылы біз - негізгі Ата Заңымызға деген ізетімізді білдіреміз», деді Астана қаласы Сарыарқа ауданы бойынша ардагерлер кеңесінің төрағасы, полковник Ғалиәскер Жантеміров.
Елбасының қабылдауымен өткен айтулы шараның ауқымына, ұйымдастырылуына Ұлы Отан соғысының ардагері Махметкәзім Даутовтің де таңданысында шек болмады. «Қазақстан Конституциясының 15 жылдығы осынау парадпен аталып өтілді. Алда әскери техникаларды тек мерекелік шерулерден ғана көрейік. Соғыс оты тұтанбасын. Әр қайсысымызға бейбіт өмір қажет», деп тіледі ардагер.
Тағы бір ардагеріміз Валерий Духановский шеруден алған әсерін айтып, әскери қақтығыстардың, соғыстардың азабын бермесін деп тілек білдіріп жатты.
«Парад өте жақсы ұйымдастырылған. Мен былтыр өткен шеруде болдым. Дегенмен биыл өте көп жұмыс жасалғаны көрініп тұр. Әскерилердің сап түзіп жүргендері мінсіз. Музыкалық әуенмен бір ырғақта жүріп өтті. Ұшқыштар болса әуеде тіпті қатты қуантты. Олардың аспанда отшашулармен сурет салғандары қандай керемет. Біздің аспанымыз әрқашан ашық болсын, әскери техникаларымызды тот баспасын, бірақ оны соғыста қолдануға да бұйыртпасын», дейді В. Духановский.
Әскери шеруге Қорғаныс министрлігінің Құрлықтағы әскерлері, Әуе қорғанысы күштері және Әскери-Теңіз күштері, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және Республикалық Ұланның жасақтары қатысып, 150-ге тарта әскери техниканың маршы өтті.