Әскери-спорттық ойындар жалауын көтерді - ҚР ҚМ
Салтанатты сап түзеген түлектерді Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - Қарулы Күштер Бас штабы бастығы генерал-полковник С. Жасұзақов турнирдің басталуымен құттықтады.
Салтанатты рәсімнен кейін армия генералы С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» мектебінің, Т.Бигелдінов атындағы әскери мектеп-интернаттың (Қарағанды қаласы), Б.Момышұлы атындағы әскери мектеп-интернаттың (Алматы қаласы), С.Рахымов атындағы әскери мектеп-интернаттың (Шымкент қаласы) 15-17 жастағы 300-ден астам оқушылары салтанатты сап түзеп өтті.
«Жас ұлан» республикалық мектебі мен республикалық әскери мектеп интернаттарының тәрбиеленушілері арасында өтетін жарыстың ауқымы кең. Оқушылар жүгіруден, кіші калибрлі винтовкадан нысана көздеуден, автоматты бөлшектеп жинаудан, граната лақтырудан, кір тасын көтеруден және тағы басқа әскери спорт түрлерінен күш сынасады.
«Жарыстың мақсаты тәрбиеленушілердің бойында әскери-техникалық білім, білік пен дағдыны қалыптастыру, батылдыққа, ұйымдастырушылыққа тәрбиелеу, тәртіп пен жолдастық сезімді қалыптастыру болып табылады»,-делінген ҚР ҚМ баспасөз қызметінің мәліметінде.
Болашақ жауынгерлер төрт күн бойы өзара сайысқа түседі. Бүгін басталған сайыстар 26 сәуір күні аяқталып, жеңімпаз команда Кубокпен және грамоталармен марапатталатын болады.