Әскери тәртіпті бұзған сарбаздар жасанды интеллект арқылы анықталады
АСТАНА. KAZINFORM – Әскери тәртіпті бұзған немесе әскери жарғы талаптарын орындамаған сарбаздар жасанды интеллект арқылы анықталады. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев мәлім етті.
«Жасанды интеллект технологиясы аясында бейнежазбаға талдау жасау жүйесін енгізудің қанатқақты жобасы іске асырылып жатыр. Бұл жоба арқылы әскери объектінің қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету, бөгде адамдарды анықтау, автокөлік нөмірін тану, адамдар топталып жинала бастағанын анықтау, қару сақтау бөлмесінде бақылауды күшейту, әскери объекті мен қоймалардың периметрін қорғау қамтамасыз етіледі», - деді Д. Ахмедиев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Бұл тұрғыда тілшілер әскери бөлімдердегі дәретханаға жақын орналасқан дәліздерде қосымша бейнекамералар орнату мүмкіндігі туралы сұрақ қойды. «Әскердегі тәртіпті бұзу әрекеттері жиі болып жататын орындарда қосымша камералар орнатыла ма?» деп сұрады тілшілер.
Өз кезегінде Дархан Ахмедиев бейнекамерамен қамтылған аумақтарға қатысты тиісті зерттеу жүріп жатқанын айтты. Бұл ретте әскери полициямен бірлесе қосымша камералар орнатылатын орындар айқындалып жатыр.
«Тиісті бұйрыққа өзгеріс енгізіліп, осыны әскери бөлімшелерде орындау міндеттеледі. Біз бейнекамералар мен техникалық қауіпсіздік құралдарын сатып алуды орталықсыздандырдық. Қазір әскери бөлім жоғары тұрған органға қарамастан өз бетінше қажет инфрақұрылым жабдықтарын сатып алып, жаңарта алады», - деді министрдің орынбасары.
Оның айтуынша, жасанды интеллект бейнебақылау жүйесі арқылы әскердегі заңсыздықты анықтайды.
«Дәретхананың ішінде ешкім камера орнатпайды, бірақ дәліздерде камералар болады. Сонымен қатар барлық түсіріліп жатқан бейнежазбаны зерттеу үшін жасанды интеллект енгіземіз. Сарбаздар топталып жиналса немесе адамдар белгілі бір уақыт аралығында назардан тыс көрінбесе, онда осы жүйе кезекшіге де, жоғары тұрған органдарға да сигнал береді. Мұнымен қоса, бұл жүйеге әскери полиция өкілдері қосылады», - деді Дархан Ахмедиев.
Жақында Қазақстан әскеріндегі заңсыз әрекеттерді анықтау үшін бейнебақылау жүйесі жаңартылатынын жазған едік. Бейнебақылау камералары жасанды интеллект арқылы басқарылады.