Әскери техниканың марш жасауына байланысты Астана жолдарында қозғалыс шектелуі мүмкін
АСТАНА.KAZINFORM — Қарулы күштердің жауынгерлік дайындық бағдарламасы шеңберінде бүгін Ақмола гарнизоны әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері Астана қаласының маңындағы белгіленген аудандарға жауынгерлік техникамен марш жасайды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Ведомствоның баспасөз қызметі мәлім еткендей, іс-шара гарнизон әскери бөлімшелері күштері мен құралдарының жауынгерлік әзірлігін кешенді тексерудің кезекті кезеңіне бағытталған.
«Аталған уақыт аралығында елорданың маңында, сондай-ақ Қарағанды трассасында әскери техника легі өтіп бара жатқан кезде жолдарда көлік құралдары қозғалысының уақытша шектеулері енгізілуі мүмкін екенін хабарлаймыз» — делінген хабарламада.
Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі осыған байланысты азаматтардан өтіп жатқан іс-шараларға түсіністікпен қарауын және тыныштық сақтауын сұрайды.
«Әлеуметтік желілерді пайдаланушылардан әскери техниканың қозғалысы туралы жалған хабарламалар мен бейнематериалдар таратпауды және тек ресми ақпарат көздеріне сенуді сұраймыз» - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.