«Әскери темір жол күзеті» АҚ бірқатар басшылары жауапқа тартылды
АСТАНА. 13 маусым. ҚазАқпарат - «Әскери темір жол күзеті» АҚ (ӘТЖК) бірқатар басшылары жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚР Бас көлік прокуратурасының (БКП) баспасөз қызметінен.
Баспасөз қызметінде хабарлағандай, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ БКП-ның ӘТЖК қызметін тексерудің нәтижесі бойынша енгізген ұсынысын қарастырды.
Елдегі ірі күзет мекемесінің қызметінде күзет қызметі туралы заңнама талаптарын жүйелі түрде бұзу фактілерінің анықталғаны бұрын хабарланған болатын. Прокуратурада түсіндіргендей, компания жүктерді тиісті күзетпен қамтамасыз етпеген, бірқатар жағдайларда қарулы күзет алып жүрмеген. Хабарламада атап өтілгендей, бұл темір жол көлігінде жүктерді тонаудың көбеюіне әсер еткен.
«Мәселен, егер 2012 жылы мұндай факті бойынша 151 қылмыстық іс қозғалса, ағымдағы жылдың екі айында ғана 55 қылмыстық іс қозғалды. Жүк тонау фактілерінің едәуір бөлігі (29,1%) Алматы облысының Қытаймен шектесетін Достық стансасында жасалған. Жасалған қылмыстардың саны Қарағанды, Акмола, сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облыстарында да өсті», - деп хабарлады БКП-дан.
Прокуратураның ұсынуы бойынша, ӘТЖК және оның құрылымдық бөлімшелерінің бірқатар басшылары, соның ішінде ӘТЖК үш вице-президенті, ӘТЖК екі атқарушы директоры, Семей және Атырау қалаларындағы компания филиалының екі директоры, атқыштар топтарының бастықтары қызметтерінен босатылды. Сондай-ақ, Қостанай қаласындағы АҚ филиалының директоры, оның орынбасарлары және тағы басқалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.