Әскери ұшқыштар Жеңістің 70 жылдығына дайындықты бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің әскери қызметшілері Ұлы Жеңістің 70 жылдығы құрметіне өткізілетін парадқа дайындықты бастады, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.
None
None

Қазіргі уақытта өнер көрсету жоспары әзірленуде, бұл барлық соғыс ардагерлері үшін өзгеше сыйлық, сондай-ақ қазақстандық әскери ұшқыштар жауынгерлік әзірлігінің көрсеткіші болады.

Әскери қызметшілер мерейтой құрметіне аспанда ұшақтармен «70» санының бейнесін түзеп ұшу идеясын ұсынды. Бұдан бөлек, ұшқыштар жоғары пилотаждың түрлі фигураларын орындайтын болады. Солардың бірі - атақты «Нестеров тұзағы».

«Бір ұшақпен осы фигураны орындау аса күрделі емес, алайда оны топ құрамында жасау барынша білімді, шеберлік пен тәжірибені қажет етеді. Өйткені, бірнеше ұшақ бірлесіп бірдей қозғалуы тиіс. Сондықтан да, ұшқыштар топ құрамындағы ұшуларға кірісердің алдында теориялық және практикалық дайындық курсынан өтеді», - дейді майдан авиациясының ұшқышы подполковник Нұрлан Оразов.

2007 жылдан бері ол іс жүзінде барлық әскерлер парадтарына қатысып келеді. «Алдағы болар іс-шараны біз асыға күтеміз. ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштері дайындаған бағдарлама ардагерлер үшін ерекше сыйлық және барша жұртқа есте қаларлық көрініс болатынына сенеміз», - дейді Нұрлан Оразов.

Қазіргі уақытта ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің сапында Су-25, Су-27, МиГ-23, МиГ-27, МиГ-29, МиГ-31 сияқты қуатты жауынгерлік ұшақтар бар. Ал бұл қуатты жауынгерлік машиналарды қатары жыл сайын екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының түлектерімен толығып отыратын тәжірибелі ұшқыштар басқарады.

Соңғы жаңалықтар