Әскери және арнайы киімдерді еркін саудалауға шектеулер қойылады - Е. Досаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне сауда қызметін реттеу мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Әскери және арнайы киімдерді еркін саудалауға шектеулер қойылады - Е. Досаев

Құжаттың мақсаты сауда қызметін мемлекеттік реттеудің әдістері мен нысандарын жүйелендіру, электрондық сауда саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін одан әрі жетілдіру болып отыр. Сонымен қатар, заң жобасында еліміздің сыртқы сауданы реттеу саласындағы заңнамасын халықаралық шарттарға, соның ішінде Кеден одағы мен ДСҰ нормаларына сәйкестендіру көзделеді.

«Заң жобасының аясында арнайы киімдерді пайдалану арқылы құқық бұзушылықтар, қылмыстар жасауды тежеу шаралары қамтылып отыр. Атап айтқанда, әскери және арнайы киімдер, нысанды киімдерге жататын тауарларды еркін саудада сатуға шектеулер белгіленеді», деді Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.

Бұдан бөлек, заң жобасында электрондық сауданы жүзеге асыру барысында сатушының, оның ішінде сатушының өзі туралы ақпарат беру міндеті қарастырылып отыр. Сонымен қатар, электрондық сауда барысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау нормасы қамтылады.