«Әскерилендірілген теміржол күзетінің» қызметкерлері қымбат емге мұқтаж 10 жасар Гүлнәзға бір күндік жалақыларын аударды
АСТАНА. 26 маусым. ҚазАқпарат - «Әскерилендірілген теміржол күзеті» АҚ қызметкерлері шет елде аса қымбат емге мұқтаж 10 жасар қызға бір күндік жалақыларын аударды.
Бұл туралы компанияның баспасөз қызметінен мәлім етті.
АҚ-ның Қарағанды қаласындағы филиалының Ақадыр стансасындағы атқыштар командасының қызметкері Мейрамқұл Шайкөйлековтің қызы Гүлнәз туғанынан өте сирек кездесетін ауруға шалдыққан. Дәрігерлер оған «Фиброзды остеодисплазия. Полиоссальды зақымдану. Олбрайт ауруы» диагнозын қойған.
Ата-ананың сөзіне қарағанда, сырқат салдарынан баланың қол-аяқтарының сүйектері жиі сынады. Қазіргі уақытта сынулардың саны онға жуықтаған, кішкентай Гүлнәздың бүтін денесі сымдармен бекітілген. Балаға аса қымбат ота қажет, оны тек шет елде ғана жасайды, атап айтқанда, Израильде. Емдеу құны 100 мың АҚШ долларын құрайды.
«Әскерилендірілген теміржол күзеті» АҚ Гүлнәз бен оның ата-анасының қайғысынан шет қалмай, жалпы жиналыста әрбір қызметкер қыз баланың еміне бір күндік жалақысын аударатын болып шешілді. АҚ қызметкерлері Гүлнәздың сырқатынан айығып кетуіне шын жүректен тілектес», - делінген таратылған баспасөз айғағында.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның еншілес компаниясы «Әскерилендірілген теміржол күзеті» АҚ теміржол көлігімен тасымалданатын жүктердің сақталуын қамтамасыз ету бойынша практикалық тәжірибесі мол және дамыған инфрақұрылымы, әлеуеті зор мамандандырылған күзет бөлімшесі болып табылады. Қазақстан Республикасындағы ең ірі және жетекші күзет компаниясы. Еліміздің облыс орталықтарында 10 филиалы және теміржол стансаларында 92 атқыштар командасы орналасқан. Компания он үш мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр.