Әскерилер арасындағы жемқорлық едәуір азайды - Ерғали Мерзадинов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әскери күш құрылымдарында сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны 25%-ға төмендеді. Бұл туралы Бас әскери прокурор Ерғали Мерзадинов әскери прокуратура органдарының жартыжылдық жұмысының қорытындысына арналған алқа мәжілісінде мәлім етті.
Ерғали Мерзадиновтің сөзі бойынша, биыл әскери ведомстволармен бірлесе, «Әскердегі құқық бұзушылықтарды алдын алудың 2016-2018 жылдарға арналған бағдарламасы» қолға алынған. Оның аясында қабылданған шаралардың нәтижесінде әскер қатарындағы қылмыс деңгейі 21%-ға азайған. Сондай-ақ, әскери қылмыстар - 22%-ға, олардың ішінде жарғыдан тыс қарым-қатынастар төрт есе, ал әскери басшылардың қол жұмсау фактілері бір жарым есеге азайғанын көрсетті.
«Сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны - 25%-ға, офицерлер жасаған қылмыстар - 30%-ға, нақты мерзімдегі әскери қызметкерлер жасаған қылмыс - 71%-ға, ал шартты негіздегі әскерилер жасаған қылмыс саны 17%-ға кеміген», - деді ол.
Сонымен қатар, Бас әскери прокурор әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулықтарына, өзіне-өзі қол жұмсау оқиғаларын алдын алу мәселелеріне тоқталды. Оған қоса, ол қару мен оқ-дәрілердің айналымын бақылауды күшейту, әскери нысандардың қауіпсіздігін тиісті дәрежеде ұйымдастыру қажеттігіне жіті назар аударды.
Алқа отырысы барысында Ерғали Мерзадинов, әскери қызметкерлердің құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын қалыптастыру арқылы қоғамның құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Мәжіліс жұмысына Бас әскери прокуратураның жанындағы заңдылықты қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі Консультативтік кеңесінің өкілдері, «Әскери заңгерлер Альянсы» қоғамдық ұйымының өкілдері, аймақтық және гарнизондық әскери прокурорлар қатысты.