Әскерилердің денсаулығын қадағалайтын маман

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген. Кәсіби мерекені денсаулық сақтау саласының барлық қызметкерінің ерен еңбегін дүйім жұртшылық бағалайтын күн деуге болады.

Әскерилердің денсаулығын қадағалайтын маман

Алматы қаласында орналасқан 7552 әскери бөлімінің медицина маманы, аға сержант Жанат Жиенбаева әскери мамандардың денсаулығын қадағалайды. Бұл салада жүргеніне 15 жылдан асқан ол әскери тәртіпке де бағынып, отбасы жылуын да сақтап отырған ақ халатты абзал жан. Жанат бос уақытында өзінің мамандығы жайында білімін жетілдіріп отырады.

«Бала кезден медицина саласын қызықты әрі жауапкершілігі көп жұмыс деп есептейтінмін. Отбасымда әскери адамдар да, медицина өкілдері де бар. Бір жағынан әскери киім киіп, болаттай мықты тәртібі бар жұмысты қарастырдым. Екіншіден, адамдарға барынша көмек көрсеткім келген еді. Сондықтан мектепте 9-сыныптан кейін медицина саласын таңдаймын деп шештім. Оқу орнын қызыл дипломға бітірген соң, Ұлттық ұланда жұмыс орындары бар екенін біліп, алған мамандығыма сай қызмет атқара бастадым. Өзім отбасымда әскери адамдар болған соң, бала кезден тәртіп болды. Сондықтан жұмыста аса қиындық болмады десем, артық айтпаспын. Көзді ашып-жұмғанша Отанға қызмет етіп жүргеніме 15 жыл болыпты», – дейді Жанат Алпамысқызы.

Мақсат Жақсылықов