Әскерилердің еңбекақысы кезең-кезеңмен артады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әскери қызметкерлердің жалақысы кезең-кезеңмен артады. Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әскери қызметкерлердің ақшалай табысы соңғы рет 2011 жылы жоғарылаған еді. Осы орайда Қорғаныс министрілігі әскер қатарындағылардың еңбекақысын кезең-кезеңмен көтеру бастамасын жасады. Бұл жайында Жоғарғы Бас қолбасшыға баяндадым және қолдауға ие болдық»,-деді Жасұзақов.
Осы орайда ол әскери қызметкерлердің жалақысын арттыру мәселесі бойынша Премьер-Министрдің төрағалығымен Үкіметте кеңес өткенін жеткізді.
Министрдің сөзіне қарағанда, мемлекеттік зейнетақының қайтарылуын әскери қызметкерлер зор ризашылықпен қабылдады. Сонымен қатар бүгінде Қарулы күштер сапында қызмет етіп жүргендерді баспанамен қамтамасыз етудің жаңа қадамы әзірленді. Бұл қадам әскерилердің тұрғын үй мәселесін шешуіне мүмкіндік береді.