Аспан асты елінде ауқымды форум өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайда өткен алқалы жиынға қатысты. Шараға отызға жуық мемлекеттердің басшылары келді.

Аспан асты елінде ауқымды форум өтті

Форумды ашқан Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин 2013 жылы күзде Қазақстанда, одан кейін Индонезияда Жібек жолының экономикалық белдеуі мен ХХІ ғасырдың теңіздегі Жібек жолын, «Бір белдеу, бір жол» жобасын бірігіп іске асыруға бастама жасағанын айтты. «Содан бергі төрт жыл ішінде жүзден астам мемлекет пен халықаралық ұйымдар бұл жобаның құрылысына белсенді түрде қосылып отыр» деді ол.

Мәртебелі жиынның басты мақсаты Жібек жолы бойындағы орналасқан елдердің арасындағы көпсалалы ынтымақтастықты жандандыру бағыттарын талқылау, өзара іс-қимыл жолдарын қалыптастыру, өңірлік ықпалдастық нәтижелері бойынша тәжірибе алмасу болды. Сауда-экономикалық ынтымақ­тастық, өнеркәсіптік инвестициялар, инфрақұ­ры­лымдық жобалар, энергетика мен табиғи ресурстар, қаржылық қолдау, қоршаған ортаны қорғау сияқты маңызды мәселелер талқыланды.

Ынтымақтастық форумның салтанатты ашылу рәсімі аясында Елбасы Қытай Төрағасы Си Цзиньпинді форумның табысты ашылуымен құттықтап, сәттілік тіледі. Си Цзиньпинге «Бір белдеу, бір жол» форумына шақырғаны үшін алғыс айтып, іс-шараның жақсы ұйымдастырылғанын, Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынастары өзара тиімді ынтымақтастыққа негізделгенін атап өтті.

- «Бір белдеу, бір жол» - жаңа парадигма, жаңа деңгейдегі ынтымақтастық жүйесі. Бұл белдеу жер шары тұрғындарының 45%-ын құрайтын 60-тан астам елді қамтып отыр. Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастық үлгі аларлықтай болды. Басқа елдер бізден үйрене алады, - деді Президент.

Өз кезегінде Си Цзиньпин еліміздің кон­ти­нентаралық транзиттік әлеуетін жоғары бағалады. Ол «Нұрлы жол» бағдарламасының табыстылығын, сондай-ақ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің халықаралық бастамасының маңыздылығына тоқталды. Қазақстанға ресми сапармен келетінін, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне және ЕХРО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашы­луына қатысуға дайын екенін айтты. Сирия қақтығысын реттеу процесіне қосқан үлесі үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын білдірді.

Форум аясында Елбасы «Тығыз ынтымақ­тастыққа арналған саяси бірлескен қызмет» атты дөңгелек үстелде сөз сөйледі. Мұнда әріптес елдер арасындағы ынтымақтастықтың маңызды мәселелеріне назар аударды. Си Цзиньпиннің Еуразияда ежелгі Жібек жолын жаңа, заманауи форматта қайта жандандыру идеясы әлемде белең алып келе жатқан саяси, экономикалық және гуманитарлық дағдарыстарға берілген уақтылы жауап екенін атап өтті.

«Бірлесе даму арқылы тұрақтылыққа қол жеткізу» ұстанымы бүгінде ондаған елдің экономикалық мүддесіне сай келетін халықаралық ынтымақтастықтың тартымды формасы болып саналатынын тілге тиек етті. «Үлкен Еуразияның» біртұтас экономикалық кеңістігін құру идеясы жаңа мәнге ие болып отырғанын айрықша атады. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев инновациялық және ғылыми-техникалық даму саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуді ұсынды.

Сонымен қатар Елбасы Беларусь Президенті А.Лукашенкомен және Өзбекстан Президенті  Ш.Мирзиеевпен, Пәкістанның және Малайзияның
Премьер-Министрлері Н.Шарифпен және Н.Разакпен, Дүниежүзілік экономикалық форумның төрағасы К.Швабпен жүздесті. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас хатшысы А.Гутерришпен әңгімелесті. Әңгіме барысында ол Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астанада өтетін саммитіне қатысу ниеті бар екенін растады. Сондай-ақ Испания Премьер-министрі М.Рахой Қазақстан Президентімен әңгімелесу кезінде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне Испания Королінің қатысатынын растады.