«Ассамблея қазақ тілін бір-ақ айда үйретпек» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 24 қаңтар, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Қазақстан Республикасы Парламентінің Регламентіне сәйкес, депутаттар саяси партиялардың фракциялары түрінде депутаттық бірлестіктер құруға құқылы. Осыған орай «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясынан, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясынан, Қазақстанның Коммунистік халық партиясынан V шақырылған Парламентке сайланған Мәжіліс депутаттары палата бюросына өз фракцияларын Мәжілісте тіркеу жөнінде өтініш жасады. Бұл өтініштерді бюро мүшелері бірауыздан қолдады. Үш фракцияның жетекшілері де Мәжіліс бюросының құрамына енді. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Партиялардың фракциялары тіркелді» атты мақаладан қараңыз.
Аталмыш басылымның жазуынша, қарышты Қазақстан Жаңа жылды айрықша оқиғалармен бастап отыр. Күні кеше өткен сайлау демократиялық ұстындарымызды нықтап, көппартиялық Парламентті қалыптастырды. Астаналық Ақмола облысы осынау жарқын өзгерістердің алғы сапынан көріну жауапкершілігін атқаруға нық негіздер қалау үстінде. Ол облыс басшылығындағы ұйымдық тұрғыдағы өзгерістерден де серпін алатыны белгілі. Бұл өзгерістер жөнінде «Жаңару заманының жауапкершілігі жүктелді» атты мақаладан қараңыз.
***
Жасыратыны жоқ, бәріміз ғаламтормен доспыз. Таң атқаннан кеш батқанға дейін алдымыздағы монитордан көз алмаймыз. Қазір сайттың, әлеуметтік желілердің түр-түрі бар. Ұшы-қиырсыз ғаламтор әлемінен таппайтыныңыз жоқ. М-агент, онлайндағы әңгіме күнделікті өміріміздің бір бөлшегіне айналғандай... Әйтсе де әлемдік зерттеушілер ғаламторға тәуелділік адамды күйзеліске ұшыратады деп пайымдайды. Неліктен? Бұл сауалдың жауабын «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Ғаламтор күйзеліске ұшыратады» атты мақаладан білуге болады.
Сондай-ақ осы басылымның жазуынша, еліміздің салық жүйесі бірқатар маңызды қайта құрулардан өтті. Дегенмен осы қайта құрулар үлкен оң өзгерістер алып келгенін аңғаруға болады. Оған дәлел еліміздің салық жүйесінің халықаралық деңгейге жеткендігі. Дүниежүзілік банк Doing Business рейтингінің бағалауы бойынша, былтыр жыл соңында бұрнағы жылмен салыстырғанда 14 орынға көтеріліп, 39-шы орынға табан тіредік. Бұл - ТМД аумағындағы ең жоғары көрсеткіш. Бұл туралы «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «ТМД-да ең жоғары көрсеткішке жеттік» атты мақаладан егжей-тегжейлі білесіздер.
***
«Алаш айнасы» басылымының жазуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы өзге ұлт өкілдеріне арнап қазақ тілін жедел үйренудің әдістемесін әзірледі. Кеше ұйым жанындағы «Тілдарын» тілдерді оқыту технологияларының әдістемелік орталығы жаңа әдістеменің жобасын дүйім жұртқа таныстырды. Әлем халықтарының 30 бірдей тілін білетін Ресейдің психолингвистика ғалымы Дмитрий Петровтың тәжірибесі негізінде жасалған жедел тіл үйрену жүйесі әлі сыналған жоқ. Оның нақты нәтижесі бір айдан кейін белгілі болмақ. Бұл туралы «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Ассамблея қазақ тілін бір-ақ айда үйретпек» атты мақалада.
Осы басылым еліміздің Ұлу жылын үлкен саяси өзгерістермен бастағандығын жазады. Парламент сайлауы нәтижесінде жаңа Мәжіліс жасақталып, Үкімет ішінара өзгерді. Бесінші мәрте өткізілген Парламент сайлауында халық бір емес, бірнеше партияны қолдады. Сонымен бұл Мәжілістің бұрынғыларынан қандай айырмашылығы бар?. Бұл туралы «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Бесінші Мәжілістің бейнесі қандай?» атты мақаладан білуге болады.
***
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстанның мемлекет болып қалыптасу тарихын жүйелі түрде зерттеу және насихаттау мақсатында «Қазақстан Республикасы Президентінің Мәдениет орталығы» мемлекеттік мекемесінен және осы уақытта сайланып жатқан «Ұлт көшбасшысы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің кітапханасынан» көпсалалы ғылыми-сараптамалық, гуманитарлық-ағарту «Назарбаев-орталығы» мемлекеттік мекемесі ашылды. Аталмыш мекеме мен оның мақсат-міндеттері және негізгі қызметі туралы «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Создается - Назарбаев центр» атты мақаладан оқи аласыздар.