Ассамблея Президенттің тұтастық туралы үндеуіне қолдау көрсетеді – ҚХА төрағасының орынбасары

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Халқының Ассамблеясы өскелең ұрпақтың санасын улап, жалған ойлар мен арзан құндылықтар сіңіретін теріс ақпаратқа қатысты Мемлекет басшысының үндеуіне қолдау көрсетуі керек. ҚХА төрағасының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі Марат Әзілханов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ассамблея Президенттің тұтастық туралы үндеуіне қолдау көрсетеді – ҚХА төрағасының орынбасары

«Мемлекет басшысы азаматтарымызды этносаралық және конфессияаралық үйлесімді қарым-қатынастардың маңыздылығын ұғынуға шақырып, бізде әрқашанда бытыраңқылыққа қарсы иммунитетіміз болғанын, ал келісім мен толеранттылық – мәдениеттер мен тілдердің өзара кірігуіне байланысты шынайы өміріміз, табиғи болмысымыз екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы елдің тарихи тәжірибесіне, тарихи мұрасы мен мәдени әлеуетіне үлкен сенім артады. Олар қоғамдық сананы және қазақстандық ұлттық бірегейлікті шоғырландыруда маңызды рөл атқарады», - деді Ассамблея төрағасының орынбасары.

Өз сөзінде Марат Әзілзханов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ассамблеяға өркениетті диалог пен өзара құрмет мәдениетін дамытуды, азаматтық атсалысу дәстүрлерін жандандыруды тапсырғанын атап өтті.

«Бұл міндетті ассамблеяның барлық құрылымдары орындауға міндетті. Өйткені ассамблея әрқашан азаматтық қоғам институттарының жалпыұлттық үндесу алаңы болды және алдағы уақытта да солай болады. Біз өскелең ұрпақтың санасын улап, жалған ойлар мен арзан құндылықтар сіңіретін теріс ақпаратқа қатысты Мемлекет басшысының үндеуіне қолдау көрсетуіміз керек. Бүгінде бұл мәселе біздің қауіпсіздігімізге, жеке басымызға және ұлттық кодымызға қауіп төндіріп отыр», - деді ассмаблея хатшылығының меңгерушісі.

Оның айтуына қарағанда, Ассамблеяның кейбір мүшелері аталған қатерді түсінбейді.

«Ассамблеяның кейбір мүшелері аталған қатерді түсінбейтіні, бұқаралық ақпарат құралдарында көрінбей, өзекті тақырыптарды айналып өтіп, өздеріне жайлылық аймағында отыратыны ащы болса да шындық екенін айту кету керек. Мұндай жағдайға төзуге болмайды – белсенді өмірлік ұстаным – ҚХА-ның әрбір мүшесінің басты қасиеттерінің бірі болуы тиіс. Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргі жағдайда бірлік, татулық және келісім идеологиясы мен құндылықтарын қорғайтын бірегей қоғамдық орган болып табылады», - деді Марат Әзілханов.