Ассамблея тәжірибесі елдер назарында

Іс-шараға Қазақстан тарапынан құрамында Ассамблеядан сайланған Парламент депутаттары Н.Нестерова мен З.Саяпова, этномәдени бірлестіктердің басшылары Шакир Хахазов пен Шаймардан Нурумов, облыстық хатшылықтар мен мемлекеттік органдар өкілдері бар делегацияны Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі Е.Л.Тоғжанов бастап барды.
Дөңгелек үстел барысында Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік кеңесі жанындағы Даму зерттеу орталығының Еуропа және Азияның әлеуметтік даму институты директорының орынбасары, профессор Чжао Чанциннің сөзі қатысушылардың назарын аударды. Халықаралық қатынастар, қоғамдық келісім, этносаясат салаларының білгір маманы қазақ еліндегі бірегей институт - Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне жоғары баға берді. «ҚХА тәжірибесін шет елдерге тарата отырып, халықаралық проблемалардың шешілуіне жәрдемдесуге болады», - деп ой түйіндеді профессор.
Ғалымның сөзінен оның тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу, даму тарихын жақсы зерттегені бірден байқалды. Ол біздің елдегі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын кезеңдерді санамалай отырып, ұлттық мәселеде алдын алу шараларын қабылдау қажеттігі болғанын да атап көрсетті. Міне, осы жағдайда Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы шешілуіне себепші болған. Атап айтқанда, барлық ұлт өкілдерінің елдің саяси өміріне теңдей қатысуы қамтамасыз етілуі саяси тұрақтылыққа және елдің экономикалық дамуына жол ашқанын мысалға келтірді.
Сарапшы Қазақстанның ұлттық бірлік пен қоғамдық келісім орнатудағы жетістіктерін дер кезінде Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты құрылым құрып, ұдайы оның қызметін қолдап келе жатқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігімен тікелей байланыстырды. Ұлттық мәселе көптеген елдерде өткір мәселеге айналып, ушығып кеткен кездері де болғанын айта келіп, 130 дан астам ұлт өкілдері тұратын мемлекет үшін Ассамблеяның алар орны аса маңызды екендігін атап көрсеткен ол: «Бұл басқа елдерде өте сирек кездесетін аса маңызды мемлекеттік буын. Бүгінде ҚХА табыспен жұмыс істеуде, ол көңілде Қазақстанның болашағына деген сенімділікті орнатады» - деді Чжао Чанцин.
ҚХР Мемлекеттік кеңесі жанындағы Даму зерттеу орталығы Қытай Қоғамдық ғылымдар академиясынан кейін 2-ші орында тұрған жетекші зерттеу институты болып табылады. Онда жасалған зерттеулер ел ішінде ғана емес шет елдерде де сұранысқа ие аса беделді ғылыми жұмыстар болып табылады. Елдің дамуы үшін кешенді стратегиялық зерттеулер жүргізіп қана қоймай, Мемлекеттік кеңес, Қытай коммунистік партиясының орталық комитеті, министрліктер мен ведомстволар үшін тиісті ұсынымдар әзірлейтін бұл Орталықтың пікірі халықаралық қоғамдастықта назарға алынатынын айта кетуіміз керек.