«Астана-Адлер» халықаралық жолаушылар пойызы 3 маусымнан бастап жүреді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 3 маусымнан бастап жазғы маусымға «Астана-Адлер» халықаралық жолаушылар пойызы іске қосылады, деп хабарлайды «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі.
«Жазғы демалыс маусымында жолаушылар тасымалына сұраныстың артуына байланысты «Жолаушылар тасымалы» Акционерлік қоғамы 2014 жылғы 3 маусымнан бастап жазғы маусымға №483/484 «Астана-Адлер» халықаралық жолаушылар пойызын жіберуді жоспарлап отыр», - делінген хабарламада.
Аталмыш пойыз жазғы маусымда аптасына екі мәрте, Астанадан сейсенбі мен сенбі күндері 3 маусым мен 30 тамыз аралығында аттанып, Адлерге жұма-сейсенбі күндері 6 маусым мен 2 қыркүйек аралығында келеді. Адлерден сенбі және сәрсенбі күндері 7 маусым мен 3 қыркүйек аралығында жүріп, Астанаға сейсенбі мен сенбі күндері 10 маусым мен 6 қыркүйек аралығында келеді. Пойыз құрамдарында «Қостанай-Адлер», «Павлодар-Адлер» және «Қарағанды-Адлер» бағытындағы ауысымсыз вагондары да бар.
Сондай-ақ, «Қарағанды-Мәскеу» бағытындағы №83/84 жүрдек халықаралық пойызы жыл бойына күн сайын жүретін болады. Тағы бір айта кетерлігі, «Ресей темір жолдары» ААҚ тиесілі №391/392 «Барнаул-Лениногорск» пойызының маршрутына өзгеріс енгізіліп, «Томск-Лениногорск» бағытында қатынай бастайды. Туындаған сұрақтар бойынша темір жол вокзалдарының анықтамалықтарына немесе 105 бірегей анықтама қызметіне хабарласуға болады.