«Астана-АЭК» АҚ жаңа ғимараты пайдалануға берілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада электр желілерін басқару тиімді бола түсті. Қаладағы шағын станциялардың жұмысын бір уақытта бақылап отыру арқылы апат болған аймаққа жедел жету мүмкіндігі артты, деп жазады astana.gov.kz сайтында.

«Астана-АЭК» АҚ жаңа ғимараты пайдалануға берілді

Еліміздің басты әкімшілік аймағын бір мезетте де электр жарығынсыз қалдыруға болмайтынын жете түсінетін мамандар қызмет сапасын арттыру мақсатында «Астана Аймақтық Электржелілік Компаниясы» АҚ жаңа ғимаратын ашты.

«Астана Елбасының үздік жобасы ретінде қалыптасты. Қаламен бірге коммуналды шаруашылық саласы да дамып отырды. Ал бұл жерде электр желілерінсіз жұмыс жүрмейтіні белгілі. Сондықтан бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, жұмыстарыңызға табыс тілеймін», - деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Василий Крылов.

Жаңа мекеменің жалпы ауданы 1,8 га жерді алып жатыр. Үш блоктан тұратын ғимаратта жанға қажеттінің бәрі бар. Кеңсе, диспетчерлік бөлім, зертхана мен сауықтыру блоктары.

«Мына пернелер арқылы кез келген қосалқы бекетке кірсе, ары қарай терең ақпарат алуға болады. Күні-түні қызметкерлеріміз жұмыс істейді. Барлық ақпаратты біліп отырады. Қандай да апатты жағдай болса, апат орнына жедел жетіп, жарықты беруге мүмкіндік береді», - деп мәлімдеді «Астана АЭК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жанат Машкенов.

Айта кетейік, қазір Астанада электр желілерінің өткізу қабілетін 550 МВт 1500 МВт дейін арттыруға мүмкіндік беретін үш тіреу бекеті бар.