«Астана-АЭК» электроэнергетикалық нысандарын жаңғыртуға 5,5 млрд. теңге бөлінді

АСТАНА. 27 қыркүйек. ҚазАқпарат - 2013-2015 жылға арналған инвестициялық бағдарлама аясында «Астана-АЭК» электроэнергетикалық нысандарын жаңғыртуға 5 млрд. 570 млн. теңге бөлінді.

«Астана-АЭК» электроэнергетикалық нысандарын жаңғыртуға 5,5 млрд. теңге бөлінді

Бұл туралы бүгін ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің бастамасымен өткізілген баспасөз-туры барысында компанияның экономикалық бөлімінің басшысы Ольга Аружа мәлім етті.

Оның айтуынша, аталмыш қаражат тозығы жеткен жабдықтарды ауыстыруға, электр энергиясын есепке алуды жетілдіруге, көліктерді жаңартуға, әкімшілік корпусы бар өндірістік жөндеу базасының құрылысы, жобалық және зерттеу жұмыстарына бөлінетін болады.

Бұл іс-шараларды жүзеге асыру нәтижесінде «Астана-АЭК» АҚ инвестициялық бағдарламаны жүзеге асырудың барлық кезеңі ішінде 243 млн. астам теңгеге жиынтық экономикалық тиімділікке қол жеткізуді жоспарлауда. Нормативтік-техникалық ысыраптарды 34,8 млн. теңгеге азайтып, негізгі құралдардың тозығын 47 пайызға дейін төмендетуді көздеп отыр.

Айта кетейік, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бекітуімен «Астана-АЭК» 2009-2012 жылдар аралығында инвестициялық бағдарламаны іске асырған болатын. Оның аясында 2,9 млрд. теңге бөлініп, компанияның техникалық-экономикалық көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар нормативті шығындар 15,3 пайыздан 13,38 пайызға дейін азайтылды, негізгі құралдардың тозығы 65 пайыздан 47 пайызға дейін төмендетілді, апаттық жағдайлар едәуір қысқарды. 2012 жылдың 1 сәуірінен бастап нормативтен тыс ысыраптар толық жойылды. Бағдарламаны жүзеге асыру кезеңінде 286,7 млн. теңге үнемделген.