Астана агломерациясы: Целиноград ауданында 20-ға жуық білім мекемесі салынды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Целиноград ауданында соңғы алты жылда 9 мектеп пен 9 балабақша салынды. Бұл туралы аудан әкімі Малғаждар Тәткеев тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана агломерациясы: Целиноград ауданында 20-ға жуық білім мекемесі салынды

Аудандық мәдениет үйінде өткен кездесуде аудан әкімі баяндамасын бастамас бұрын, ең алдымен жиналғандарды еліміздің бас қаласы Астананың 20 жылдық және ауданның 90 жылдық мерейтойымен құттықтады. Іргедегі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында Астананың үлесі зор. Ауданнның инфрақұрылымы мен көліктік логистикасының дамуына, жаңа өндіріс орындары мен жұмыс орындарының ашылуына, тұрғындар санының күн санап артуы мен тұрғын үй құрылысының қарқын алуына елорда үлкен ықпал етуде.

Аудан әкімінің сөзінше, ауданда индустрияландыру картасы жобаларын жүзеге асыру есебінен өнеркәсіп жедел дамып келеді. Мәселен, 2017 жылы индустрияландыру картасына екі жоба енгізілген. Оның бірі Қосшы ауылындағы құны 580 миллион теңге болатын «DD 21 Акмол» серіктестігінің жиһаз цехы болса, екіншісі «Құмтас АКК» серіктестігінің құны 250 миллион теңгені құрайтын бетон зауыты. Қазіргі кезде, бұл жобалар облыстық өңірлік үйлестіру кеңесінің қарауында.

Ауыл шаруашылығын дамыту шаралары да ойдағыдай жүзеге асырылуда. Осының арқасында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 27,5 миллиард теңгені құрады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 15,7 пайызға өсіп отыр. Өткен жылдың күзінде аудан диқандары 187,7 мың тонна астық алды. Сонымен қатар, ауданда мал басы артқаны байқалады. Аудан бойынша өткен жылы 22,8 мың тонна ет, 33,5 мың тонна сүт және 38,7 миллион дана жұмыртқа өндірілді.

"Ең батысы, ауданда Астананың айналасындағы азық-түлік белдеуін дамытуда оң көрсеткіштерге қол жеткізіліп отыр", - деді ол.

Сонымен қатар, әкімнің есебінде айтылғандай, ауданда шағын және орта бизнесті дамыту үшін де жақсы жағдай жасалған. Сапалы білім мен медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін әлеуметтік инфрақұрылымдардың жағдайын жақсарту бойынша шаралар қолдануда. Әсіресе, білім беру саласына ауданда әдеттегідей ерекше көңіл бөлінеді. Осы орайда, аудан әкімі мектепке дейінгі оқу-тәрбие желісін кеңейту бағытында біраз шаруалар атқарылғанын атап өтті. Бұған қатысты Мемлекет басшысы 2019 жылға дейін мектепалды мекемелермен 100 пайыз қамтамасыз ету тапсырмасын берген болатын. Осы мақсатта аудан бойынша соңғы алты жылда 9 мектеп және 9 балабақша салынған. Атап айтқанда, Ақмол, Қараөткел, Тайтөбе, №96 разъезд, Қосшы, Қоянды, Қызылсуат, Қызылжар, Оразақ, Талапкер ауылдарында бір-бір жаңа мектептен тұрғызылды. Ауданда соңғы 8 жылда оқушылар саны 21 мыңнан асып, облыс орталығындағы мектептердегі балалардың санына жақындап қалды. Ауданда денсаулық сақтау саласының 50 нысаны жұмыс істейді. Оның 8-і соңғы жеті жыл ішінде салынған. 

Ал тұрғын үй құрылысында 145,6 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Баспана салуда жылдық жоспар алдыңғы жылмен салыстырғанда 11,5 пайызға немесе 694 жекеменшік тұрғын үйге асыра орындалды. 

Ауданда жол, инженерлік коммуникация, электр желісі, сумен қамтамасыз ету бағытында да ауқымды шаруалар атқарылған. Мәселен, соңғы жеті жылда 22,3 шақырым жаңа жол салынып, 297,8 шақырымы жөнделді.  Сондай-ақ, 730 шақырым электр желісі, 700 шақырым сумен жабдықтау және    141 шақырым су ағызу желісі салынды.