15:11, 25 Қараша 2014 | GMT +5
Астана әкімдігі 1 желтоқсанда жаңа туылған сәбилерге сыйлықтар тарту етеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада ҚР Тұңғыш Президенті күнін мерекелеу аясында босанатын әйелдерге дәрігерлік жәрдем беретін мекемелер аналарға және жаңа туған сәбилерге сыйлықтар мен кәдесыйлар береді, деп хабарлады astana.gov.kz.

Айта кетейік, өткен жылы 1 желтоқсанда - ҚР Тұңғыш Президенті күні Астанада 50 сәби, соның ішінде 25 ұл мен 25 қыз дүниеге келді. Жалпы, былтыр 71 балаға Мемлекет басшысының құрметіне Нұрсұлтан есімі берілген.
Елордалық Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, қазіргі кезде перзентханалар қауіпсіз ана қағидаты бойынша жұмыс істейді. «Қауіпсіз ана» қағидаты - жүкті әйелді үнемі бақылауда ұстау және қауіпсіз босану жағдайының жүйесі, алғашқы шұғыл көмек көрсету. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағдарламасы бойынша қауіпсіз ана қағидатына сәйкес, босанатын әйелдерге дәрігерлік жәрдем беретін мекемелерде жүктілікті бақылау мен босанудың жаңа және тиімді технологиялары енгізілді.