Астана әкімдігі «Астанадағы демалыстар» туристік бағдарламасын іске қосты
АСТАНА. 7 маусым. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімдігі «Эйр Астана» әуе компаниясымен және елорда қонақүйлерімен бірлесіп ішкі туризмді дамыту мақсатында «Астанадағы демалыстар» туристік топтамасын жасақтады.
«Бүгінгі таңда Қазақстандағы ішкі туризмді дамыту мақсатында біз «Эйр Астана» әуе компаниясымен және осы бағдарламаға қатысқан Астана қаласының қонақүйлерімен бірлесіп «Астанадағы демалыстар» деп аталатын туристік топтаманы ұсынамыз», - деп хабарлады бейсенбі күні Астана қаласының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Мәлика Бектұрова «Сарыарқа» ауданындағы ХҚО-да өткен «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша кеңестік қызметтердің тұсаукесерінде.
Елорда әкімдігінің мәліметінше, туристік топтама туристер үшін елорданың ірі қонақүйлерінде тұруға, ондағы қосымша қызметтерге 40 пайызға дейін жеңілдіктер алуға, сондай-ақ ҚР Тұңғыш Президентінің Музейі, «Думан» ойын-сауық орталығындағы мұхитарал немесе «Атамекен» Қазақстан картасы» этномемориалдық кешені сынды қаладағы үш мәдени кешеннің біріне тегін баруға мүмкіндік береді.
Бағдарламаға қатысу үшін «Эйр Астана» әуе компаниясының сату кеңселерінен Астана бағытындағы кез-келген рейске ұшу уақытынан кемінде 14 күн бұрын билет алып, қонақүйде келу уақытынан кемінде 7 күн бұрын орын сақтап қою қажет.
Жеңілдіктер алу үшін «Астанадағы демалыстар» туристік топтамасының бүктеме қағазындағы купонды толтырып, әуе билетін алған кезде әуекомпания өкілдеріне мөр бастырып алу керек. Осыдан соң өздігінен қонақүймен хабарласып, онда кірген мезетте және экскурсиялық нысанды аралау кезінде жеңілдік купонын көрсету қажет.
«Бұл ішкі туризмнің дамуына септігін тигізеді, ал қазақстандықтар жазғы демалысын жоспарлау кезінде осы туристік топтаманы ескереді деп үміттенеміз», - деп атап өтті М.Бектұрова.